Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде» «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты мерекелік кеші өтті.
Ең алдымен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Жан жарасы – Желтоқсан» және «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан бір минуттық үнсіздік жарияланды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздігімді мақтан етем!» қолөнер шеберлерінің туындыларынан шағын көрме, «Сен деп жырлаймын, Қазақстан!» өлең шумақтарын тарту еткен шығармашылық бойынша кітапшалар жинағы, және тәуелсіздік құрдастарының мерекелік ән шашуы ұсынылды.
Іс-шараның қонағы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әбілғазы Құсайынов мерейлі мерекемен құттықтап, кітапхана ұжымына, кеш қонақтарына қолтаңбамен еңбектерін сыйға тартты.
Кеш барысында ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының ғылыми қызметкері, композитор-педагог, «Әнші болғым келеді» атты авторлық жобасының жетекшісі Алтын Маханбетованы, “Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты» КММ-сі директорының бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, жас қаламгер Алтынгүл Аубакированы алғыс хаттармен, «Тәуелсіздікке 30 жыл» белгісімен марапаттады.