almaty.tv: “Былтыр білім беру саласында 260 адам заңсыз жұмыстан шығарыла жаздаған – кәсіподақ”

Алматыда білім саласындағы кәсіподақ жұмысына арналған арнайы жиын өтті

Былтыр білім беру саласында қызмет ететін 260 адам заңсыз жұмыстан шығарыла жаздаған. Ал биыл мұндай жағдайға ресми статистика бойынша 24 адам тап болыпты. Алайда қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының араласуымен бұл келеңсіздіктер оңтайлы шешілген. Бүгін қоғамдық бірлестік өкілдері мен кәсіподақ ардагерлері, ұстаздар Тәуелсіздіктің 30 жылында атқарылған жұмыстарды пысықтап, арнайы іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Тәуелсіздік – ел тұғыры» атты салтанатты іс-шарада еліміздің білім саласындағы кәсіподақ мүшелері 30 жылдағы қиыншылықтар мен жетістіктерді сөз етті. Егемендіктің ең алғашқы жылдарында елдегі мектептердің 80 пайызы жабылып, балабақшалар 10 пайызға төмендеген. Мұғалімдердің айлық жалақысы кешіктіріліп, ұстаздардың әлеуметтік жағдайы айтуға келмеді деп еске алды бүгін кәсіподақ ардагерлері.

«1990 жылы 2700-ге жуық мұғалім бірден мектепті тастап бизнеске, өзінің бала-шағасын асырау үшін жан-жаққа асып кетті. 17 мыңдай мұғалім жетіспеді. Көптеген білім ошағы сатылып кетті. Сол кезде біздің кәсіподақтар мұғалімнің құқығын қорғау үшін өзінің бар күш-жігерін салып, келіссөздер жүргізді», – деді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымының кеңесшісі Майра Амантаева.

1992 жылы елімізде алғаш рет ұстаздар ереуілге шықты. Олардың талаптары кәсіподақтың ықпалымен орындалды. Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды.

«Бұл заңның қабылдануына салалық кәсіподақ та өзінің үлкен үлесін қосты. Осы заң қазіргі таңда жақсы жұмыс жасауда. Ұстаздарымыз жақсы қолдау көріп жатыр. Жалақылары 4 жылда екі есеге өседі. Амандық болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан тағы 25 пайызға ұстаздардың жалақылары өседі», – деді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева.

Шара барысында кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін бірлестік өкілдері мен мүшелері марапатталды. «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» байқауының жеңімпаздары мадақталды. Бұдан бөлек, жиынға республиканың әр өңірінен кәсіподақ белсенділері, ардагерлері жиналды.

«Болашақта ресурстарымыз, кадрларымыз бәсекелестікке сәйкес болуы керек. Сол жолда әрине, біз әрқашан халық мүддесін, еңбек адамының мүддесін, ұстаздың мүддесін қорғадық, қорғаймыз да», – деді Павлодар облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева.

«Қазіргі көтеріп жүрген мәселеміз – мекеменің материалдық жағдайы. Ол болмаса, мұғалімнің де жағдайы болмайды. Сонымен қатар сағаттардың тең бөлінбеуі. Қазір енді жалақысын ала алмайтын мәселе жоқ. Оның бәрі шешілген. Бәрі тамаша», – дейді Құлсары қаласы №7 Е. Халықов атындағы мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанаргүл Шарғабаева.

Бүгінде салалық кәсіподаққа еліміз бойынша 600 мыңнан астам адам мүше. Мамандардың сөзінше былтыр жалақыларын толық алмаған, қосымша үстемақылары берілмеген, сауықтыру жәрдемақысы дұрыс есептелмеген ұстаздар мен магистранттарға жұмыс берушілер тарапынан 1,4 млрд теңге қайтарылған. Ал биыл жарты жылда 192 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылыпты.

https://almaty.tv/kz/news/30-letie-nezavisimosti-kazakhstana/2124-byltyr-bilim-beru-salasynda-260-adam-zansyz-dgumystan-shygaryla-dgazdagan-%E2%80%93-kasipodak