Тәуелсіздік – ел тұғыры

Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғырына – 30 жыл!» атты салтанатты жиын өтті.

Аймақтың кәсіподақ белсенділері жиналған мерекелік шарада кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, республикалық салалық кәсіподақ бірлестіктерінің және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мерекелік марапаттарын табыстады.

Кәсіподақтар бірлестігі төрағасы «Тәуелсіздік күні мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр» деп Ел егемендігінің ұстанымдарын биікке көтеретін айтулы күннің тарихи құндылығын атап өтті.

«Тәуелсіз Елдің 30 жылдық тарихында кәсіподақтар жүйесі де түрлі кезеңдерді бастан өткерді, жұмыскерлердің әлеуметтік еңбек мүдделерін білдіруде қазірде Кәсіподақтар федерациясы құрамында 24 салалық кәсіподақтар жұмыс жасауда. Мемлекетімізде 2014 жылы «Кәсіподақтар туралы Заңы» қабылданып, қолданыста. ҚР Кәсіподақтар Федарациясы биыл қазан айында Халықаралық еңбек ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Брюссельдегі кеңсесінде жұмыс сапарымен болып, Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады. 10 қараша күні Өзбекстан астанасы – Ташкентте Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтары Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары Кеңесін құру туралы хаттамаға қол қойды. Қоғамда тұрақтылықты қалыптастырып, жұмыскерлердің тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту басты мәселе болып табылады, осы бағытта жұмысты жалғастырамыз» деп Мақсұт Нәлібаев Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолындағы кәсіподақтар қозғалысының алар орынына тоқталып өтті.

Салтанатты жиын барысында облыс кәсіподақтары білім саласының ардагері, Сырдария ауданы №129 Жәмішов атындағы орта мектептің зейнеткер ұстазы Нұрабаева Сара Нұрабайқызын торқалы 85 жасқа толуымен, «Байланыс және телекоммуникация қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Изюмова Нина Викторовнаны 70 жасқа толуымен және Қызылорда қаласы №176 мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Сыздықова Бибінұр Мақсұтқызын зейнеткерлік жасқа толуымен құттықтап, құрмет көрсетті.

Тәуелсіздіктің үш ондығы жылын дөңгелеткен соңғы екі жылда Ел амандығы мен тұтастығына қатер әкелген әлемдік пандемиямен күрескен медицина саласы қызметкерлерінің жанкешті еңбектері атап өтілді.
Облыс кәсіподақтарының мерекелік жиынында кәсіподақтар жүйесінің негізгі өзегі бастауыш ұйымы өкілі, Жаңақорған ауданаралық ауруханасының кәсіподақ ұйымы төрағасы Әбілхайыр Сыздықов «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы мен бастауыш ұйымда атқарылған нәтижелі жұмыстарын тізбелеп, әріптестеріне құттықтауын Арнау жыр жолдарымен жеткізді.

Кәсіподақтар қозғалысында еңбек адамының мүддесі үшін жауапкершілігі мол қызметті үлкен абыроймен алып жүрген кәсіподақ белсенділеріне салаларда еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіріліп, мерекелік марапаттар табысталды.