Дәулеталин: «Кәсіподақ бар кәсіпорында қоғамдық бақылау бар»

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында отандық кен өндірісінің флагманы – «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ бөлімшелері мен туыстас кәсіпорындардағы кәсіподақ комитеттерінің төрағаларымен кездесті.

Онлайн өткен кездесуге ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, орынбасары Нұрлан Өтешев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, «Қостанай облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Ирина Аронова, «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ  төрағасы Асылбек Нұралин және аталған салалық кәсіподақтың осы облыстағы филиалының төрағасы Михаил Литошенко, кәсіпорын кәсіподағының төрайымы Татьяна Шерстобитова және кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қатысты.

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ құрамына  Соколов, Сарыбай, Қашар және Қоржынкөл карьерлері, «Соколов» шахтасы, Алексеев доломит кеніші, кен дайындау және байыту фабрикалары, шекемтастар өндірісі, тау-кен темір жол және автокөлік құралдарын басқару, жылу электр орталығы, жөндеу-механикалық зауыты, металл илектеу зауыты және басқа да бөлімшелер мен цехтар кіреді.

Кәсіпорын кәсіподағының төрайымы Татьяна Шерстобитованың айтуынша, кәсіподақ мүшелерінің саны –  18 140. Оның 17 мыңы «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның, қалғандары туыстас кәсіпорындардың жұмысшылары. Кәсіподақ жұмысын 627 кәсіподақ белсендісі жүргізуде.  Кәсіпорынның 7000-нан астам зейнеткері де кәсіподақтың қамқорлығында. Өндірістік бірлестіктің құрылымы 29 бөлімшеден тұрады және олардың әрқайсысында өз төрағалары бар кәсіподақ комитеттері  құрылған. 29 төрағаның 11-і негізгі қызметінен босатылған. Бұған қосымша 11 адам көмекші. Ұжымдық шарт 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Кәсіпорындағы орташа жалақы мөлшері – 286 мың теңге.

«Келесі жылдың қаңтарынан бастап жалақыны 7 пайызға көбейту жоспарлануда, бірақ ең төменгі жалақының көтерілуіне байланысты өсім  мөлшері келесі жылы белгілі болады. Біздің жұмысшылардың барлығы 13-ші  жалақы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 50 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Сондықтан еңбек ұжымында әлеуметтік жағдай тұрақты»,-деді Татьяна Шерстобитова.

Кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары туралы бұдан  әрі бірқатар кәсіподақ комитеттерінің төрағалары  баяндады. Олар өз бөлімшелерінде ұжымдық шарттың орындалуы, лайықты еңбек жағдайларын жасау, қоғамдық бақылау, құқықтық мәдениетті арттыру, кәсіподақ мүшелігін ынталандыру, кадрлық саясатты жетілдіру, кәсіподақ жұмысы туралы ақпарат беру, жастарды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

Кездесуге қатысқан «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ-нің Қостанай облысындағы филиалының төрағасы Михаил Литошенко кадр мәселесі аса жоғары жауапкершілікпен шешіліп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, кадрлық резервті дайындау, төрағалардың біліктілігін көтеру сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру мен кәсіподақ ұйымдары көшбасшыларының қызметінде сабақтастықты сақтау жүйелі түрде жүргізіледі.

«Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ  төрағасы Асылбек Нұралин  кездесу қатысушыларын назарын кәсіпорын мен саланың өзекті мәселелері – еңбекақыны көтеру мен ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін зейнетке шығу жасын төмендетуге аударды.

«Соңғы 7-8 жылда салалық коэфицентті көтере алмай келеміз. Жұмыс берушілер 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көтерілді деген уәж айтуда, бірақ бұл толық шешім емес. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Таяуда 3 жылға арналған салалық келісімді жасау  бойынша үлкен жұмыс жасалды. Бұдан бөлек, разрядаралық коэффицент сияқты бірқатар мәселелер бойынша да жұмыс істедік. Биыл жыл аяғында үшжақтық салалық келісімге қол қойып, оны келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз»,-деді Асылбек Нұралин.

Зейнетке шығу жасын төмендету туралы сұраққа жауап берген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева,  қазір заңдық тұрғыдан зейнеткерлік жасын төмендетудің жалғыз жолы – зейнеткерлік аннуитет дегенді айтып, осы бағытта Парламент қабырғасында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Депутат жалақыны көтеру, әлеуметтік пакет мәселелерін әлеуметтік әріптестік институтын   күшейту арқылы шешу қажеттігін  алға тартты.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «зейнеткерлік аннуитет тек жалғыз жол емес. Зейнетке шығу жасын жалақы мен жұмыс беруші аударатын міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін көбейтуді талап ету  арқылы жасау қажет» дегенді  айтты.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастауыш кәсіподақтың кәсіподақ құндылықтарына сай келетін ұйым екенін айтып, кәсіподақ көшбасшыларына күнделікті қажырлы еңбектері  үшін ризашлығын білдірді және ұйым тәжірибесін өзгелерге тарату қажеттігін атап өтті.

Федерация төрағасын кәсіпорындағы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің жұмысы мен техникалық инспекторларды ынталандыру шаралары қызықтырды.

Кәсіпорын кәсіподағының төрайымы Татьяна Шерстобитованың сөзінше, 29 бөлімшенің әрқайсында өз өндірістік кеңесі бар. Оған барлық цехтағы кәсіподақ комитеттерінің төрағалары кіреді. Кеңес өз қызметі бойынша  айына бір рет есеп беріп отырады. Ал техникалық инспекторлар тексеру кезінде негізгі жұмысынан босатылады. Сонымен қатар, кварталына бір рет кәсіподақ тарапынан ынталандырады. Татьяна Шерстобитова кәсіпорында жыл басынан бері 2 жазайым оқиға тіркелгенін де айтып өтті.

Осы тұста ҚРКФ төрағасы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, еліміздегі кәсіпорындарда 1027 жазайтайым оқиға тіркелгенін, осының салдарынан 1104 адамның зардап шеккенін және зардап шегушілер саны бойынша тау-кен металлургия саласы   алдыңғы орында келе жатқанын айтты.

«Бұл салалық кәсіподақ, жергілікті кәсіподақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдары бүгінгі күні баса назар аударуы қажет бағыт. Сіздер бұл мәселені күнделікті бақылауда ұстауға тиіссіздер»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы федерацияның мемлекеттік органдардан бөлек статистика жүргізетінін жеткізіп, 1027 жазайым оқиғаның басым бөлігі кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда орын алғанын атап өтті.

«Егер пайызға шақсақ,  жазатайым оқиғалардың  64,2 пайызы кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда тіркелген. Бұл нені білдіреді? Бұл кәсіподақ бар кәсіпорында қоғамдық бақылау бар деген сөз. Осы жазайым оқиғаларды тергеу нәтижелерінің қорытындысында 64 пайызында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді яғни жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жұмыс берушінің кінәсінен болады»,-деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин сайланбалы кәсіподақ ұйымдары басшыларының ұтымды резервін қалыптастыруға барынша көңіл бөлуге шақырды.

Кездесуді қорытындылай келе ҚРКФ федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиясында айқындалған  міндеттердің әсіресе, еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша әзірге қол жеткізілген жетістіктерді атап, жоспарларға тоқталды.

«Бүгін осы жерде көтерілген  мәселелер мен оның шешімдері федерацияның былтыр қабылданған стратегиясында жан-жақты қамтылған. Бірінші маңызды мәселе – еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру. Бұл үшін ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек. Атап айтқанда, бірінші кезекте  Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Екіншіден, стратегияда елімізде  ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесі жоқ екенін айттық. Сонымен қатар, жалақыны жыл сайынғы міндетті индекстеуді заңнамада бекіту қажеттігін ескерттік. Бүгінгі күні ұжымдық шарттарды саралай келе, жыл сайынғы міндетті индекстеудің тек 10 пайызында ғана бектілгенін анықтадық. Бұл 90 пайызында  мәселені келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмай отыр деген сөз. Үшіншіден,  съезде айқындаған және барлық делегаттар қолдап дауыс берген мәселе – заңнамада «тұтыну бюджеті», «ең төмен күнкөріс деңгейі», «кедейлік шегі» ұғымдарын айқындап, оларды есептеу әдістемелерін бекіту әрі қолдануын реттеу. Өкінішке қарай, бұл мәселе де әзірге шешімін  таппай отыр. Естеріңізде болса, 2015 жылы тұтыну себетінің құрамын анықтау бойынша үлкен талдау жасап, оларды есептеу әдістемелерін үкіметке ұсындық және ұсынудамыз.  Тіпті біз өз стратегиямызда тұтыну себетінің құрамы мен құрылымын әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруін ескере отырып қайта қарау қажет деп бекіттік»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

Биыл ҚР Президенті өз  Жолдауында  Үкіметке 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған болатын. Осылайша Кәсіподақтар федерациясының былтырдан бері түрлі алаңдарда көтерген бастамасы қолдау тапты.

«Бұл тек бірінші қадам. Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтылады Ең төменгі жалақы  мемлекет бекітетін ең төменгі мемлекеттік стандарт. Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбекақы төлеу жүйесін жұмыс беруші анықтайды. Бұл бірінші кезекте мүшелік ұйымдар, бастауыш кәсіподақ ұйымдары нақты кәсіпорында, салада  еңбекке ақы төлеу жүйесін ұжымдық шарт пен салалық келісім арқылы өзгертуге тырысуы керек деген сөз. Өкінішке орай, бұл жұмыс кемшін жүргізіліп отыр. Бұл туралы ашық айтуға тиіспіз. Демек, біз осы келіссөздерге барынша дайындалуымыз қажет, қатал талап қойып, жыл сайын алға бір қадам жасауымыз керек»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сөзінің соңында ҚРКФ төрағасы желтоқсанның  24 і күні Бас кеңес отырысы болатынын және онда федерация мен оның мүшелік ұйымдарының 2021 жылғы  қызметі туралы есеп берілетінін хабарлады. Айтып өтейік, бұл тәжірибе Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезде жариялаған ашықтық саясатына сәйкес тұңғыш рет қолға алынып отыр.