ҚРКФ Сараптамалық кеңесі еңбек саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша алдағы міндеттерін айқындады

Кәсіподақтар федерациясында  Сараптамалық кеңес отырысы өтіп, онда еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кәсіподақтар федерациясы Сараптамалық кеңестің жаңа құрамын бекітті. Оның құрамына Парламент депутаттары, беделді ғалымдар, әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуда және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауда кәсіби тәжірибесі мол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді. Атап айтқанда, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, з.ғ.д. Бекжанов Берік Айдарбекұлы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Владимировна Смирнова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, с.ғ.к, PhD Смышляева Екатерина Васильевна , ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Ивановна Тарасенко, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.  Гилева Наталья Васильевна, Қазақ гуманитарлық заң университетінің Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті, з.ғ.к, PhD Нәдірова Айнұр Қуанышбекқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Адам құқықтарын қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, з.ғ.к. Түгел Әнуар Құрманбайұлы, Еңбек және әлеуметтік құқық орталығының жетекшісі, Қазақ гуманитарлық заң университетінің професор ассистенті, PhD Хасенов Мүсілім Ханатұлы, Қазақ еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры, э.ғ.д, профессор Серікжан Хамитұлы Берешев, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» ҰАҚ басқарма төрағасы, э.ғ.д. Айтуғанов Қайрат Қапарұлы, «Адам ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Арғындықов Дәулет Рашидұлы, «Зерттеу, талдау және тиімділігін бағалау орталығы» ЖШС директоры Кенжеболат Сәруар Кенжеболатұлы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Өтешев Нұрлан Сүлейменұлы, журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі Гусев Олег Иванович, ҚРКФ жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Хамитжанова Дария Хамитжанқызы кірді.

Жиынды ашқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекшілердің мүддесін ілгерілетуде тиімді тетіктерді әзірлеудің маңызын атап өтті.

«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы өз қадамдарының қарапайым еңбеккердің нақты қажеттіліктері мен талаптарына сәйкестігін тексеріп жатыр. Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жағдайды талдау, еңбек ұжымдарымен кездесулер жалпыұлттық ауқымда бірқатар проблемалық мәселелердің бар екенін көрсетеді. Біз үшін сарапшылар қауымдастығының үнін тыңдап, еңбекшілердің мүддесін қозғайтын заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша өзара келісілген ұстанымдарды әзірлеу маңызды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Ол Сараптамалық кеңес мүшелерін өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерін ашық талқылауға шақырды.

Отырыс барысында Сараптамалық кеңес мүшелері бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді қарады.

ҚРКФ Сараптамалық кеңесінің төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева сайланды. Кеңестің хатшысы болып ҚРКФ жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова тағайындалды.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар 2022 жылдың 1 жартыжылдығына Сараптамалық кеңестің тақырыптық отырыстарының жоспарын бекітті.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеудегі қызметі туралы шолумен таныстырды.

«Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау және т.б. туралы заң жобаларын қарау жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Федерация «Қоғамдық бақылау туралы» ҚР Заңының жобасын талқылау бойынша жұмыс тобының отырыстарына қатысуда», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Ол сондай-ақ ҚРКФ-ның Әлеуметтік кодекс жобасына қызметкерлердің құқықтарын әлеуметтік қорғауды кеңейтуге қатысты ұсыныстарына тоқталды.

«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік кодекс жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына ҚРКФ өкілдері де белсенді қатысуда. Федерация азаматтарға шұғыл әлеуметтік көмек көрсетуге, жас жұмысшылар мен олардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, жас жұмысшы мен оның отбасын жаңа жұмыс орнына көшіру және орналастыру кезінде материалдық көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу және басқа да мәселелер бойынша ең төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарттарды шоғырландыру қажеттілігі туралы ұсыныстар дайындады, », – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Гүлнар Жұмагелдиева атап өткендей, қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясының жанынан ҚР Еңбек кодексіне және ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізумен айналысатын 2 жұмыс тобы құрылған.

Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева өз сөзінде Сараптамалық кеңестің мәселелеріне тоқталып, алдағы кезеңге арналған бірқатар өзекті міндеттерді тізіп берді.

«Бізде тәжірибесі мен ғылыми әлеуеті зор, өте құзыретті Сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясында еңбек ұжымдары өмірінен нақты кейстер бар», – деп атап өтті Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, Сараптамалық кеңестің талқылауына бейресми жұмыспен қамту, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу (цифрлық еңбек), кәсіподақтардың рөлін күшейту, сондай-ақ ереуіл рәсімін оңтайландыру, жекелеген салаларда еңбек қатынастарын реттеуге жеке көзқарас сияқты тағы да басқа мәселелерді енгізуу ұсынылады.

Сараптамалық кеңесте «Әлеуметтік кодекс» жобасы мен өзге де заңнамалық актілер де талқыланады деп күтілуде.

Сараптамалық кеңес мүшелері өз кезегінде алдағы жұмыстарды жоспарлау бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов Кәсіподақтар федерациясы жұмысшыларға арналған еңбек заңнамасын жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасап жатқанын атап өтті.

Ол заңнаманы жетілдіру мәселелерімен қатар еңбек даулары бойынша сот тәжірибесінің мәселелерін, соттардың еңбек заңнамасын қолдануы бөлігінде қарауды ұсынды.

Жоғарғы Сотпен жасалған меморандум аясында депутат Кәсіподақтар федерациясының соттардың жекелеген еңбек дауларын қарауында сарапшы ретінде әрекет ету мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтар федерациясының рөлін арттырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Адам құқықтарын қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры Әнуар Түгел заң тәжірибесі тұрғысынан қызметкерлердің құқығын қорғаудың кейбір мәселелеріне тоқталды.

«Қолданыстағы Еңбек кодексі жұмыс берушінің мүддесі үшін әзірленген және көп жағдайда жұмысшылардың құқықтарын шектейді. Адвокаттар қоғамдастығының өкілдері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Бұл ұсыныстар ҚРКФ Сараптамалық кеңесінің талқылауына жіберіледі», – деді Әнуар Түгел.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы баяндамашы пікірімен келісетінін айтып, жұмыс берушінің жұмыскерлердің құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы еңбек заңнамасының нормаларын нақты орындау деңгейінің төмендігін атап өтті.

«Өкінішке қарай, бүгінде біз жұмыс берушінің Еңбек кодексінің нормаларын толық орындамай отырғанын мойындауымыз керек. Жұмысшылардың еңбек құқықтарын шектеу арқылы олар көбінесе өздерінің экономикалық мәселелерін шешеді. Біз бұл туралы талай рет айтқанбыз. Оны елемеудің көптеген шектен шыққан түрлері бар. Бұған еңбек даулары дәлел. Бүгінгі таңда ҚРКФ 73 еңбек дауын тіркеді, оның негізгі себептері еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру және еңбек жағдайын жақсарту қажеттілігі болды. Біз еңбек заңнамасының бетін Еңбек Адамына қарай бұруымыз керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақ гуманитарлық заң университетіндегі Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті Айнұр Нәдірова Кәсіподақтар федерациясының еңбек заңнамасын жетілдіру саласындағы жұмысының тиімділігін атап өтті.

Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолданыстағы Еңбек кодексінің кейбір нормаларына толықтырулар мен нақтылаушы түзетулер енгізілді, енді олар дұрыс әрі қолдануда түсінікті.

Қазақ гуманитарлық заң университетіндегі Еңбек және әлеуметтік құқық орталығының жетекшісі, профессордың ассистенті  Мүсілім Хасенов ҚРКФ Сараптамалық кеңесі әзірлеген ұстанымдар құқық қолдану тәжірибесінде көмекші бола алатынын атап өтті.

«Қазақстанда Азаматтық іс жүргізу кодексіне сот прецедентін заңдастыруға бағытталған түзетулер қабылданды. Жаңа нормаларға сәйкес, сот ұқсас істерді қарау кезінде шешімде көрсетілген жоғары тұрған инстанцияның құқықтық ұстанымына сілтеме жасауға құқылы. Біздің міндетіміз – Сарапшылар қауымдастығы атынан құқықтық ұстанымдарды тұжырымдап, Жоғарғы Соттың талқылауына ұсыну. Соттар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде осы ұстанымдарды пайдалана алады», – деді Мүслім Хасенов.

Қазақ еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры Серікжан Берешев күн тәртібіне Еңбек кодексінің іс жүзінде жүзеге асырылмайтын нормаларын енгізуді ұсынды.

«Еңбек кодексінде нақты түсіндіріп, Парламент Мәжілісінің талқылауына ұсынуды қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, кәсіпорындардағы еңбекақы жүйесін кім жобалауы керек? Кодексте бұл мәселе не ұжымдық шартпен, не жұмыс берушінің актісімен реттеледі деп көрсетілген, дегенмен іс жүзінде барлық кәсіпорындарда еңбекақы төлеу жүйесі жұмыс берушінің актісімен әзірленген», – деп атап өтті Серікжан Берешев.

Сондай-ақ ол салалық келісімдер мәселелерін қарастыру қажет деп есептейді.

«Әртүрлі салалық келісімдерде бірқатар келіспеушіліктер бар. Кәсіподақтар федерациясына барлық салалық және өңірлік келісімдердің жай-күйін талдау қажет, соның негізінде әлеуметтік әріптестерге зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге коэффициенттерді арттыру шараларын ұсыну қажет», – деді сарапшы.

«Адам ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов өз сөзінде Сараптамалық кеңестің жұмысына талдау жұмыстарын жүргізу тұрғысынан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Адам ресурстарын дамыту орталығы еңбек нарығы туралы Ұлттық баяндаманы шығарды. Онда қазіргі кездегі қиындықтар мен трендер бар. Сараптамалық кеңес баяндаманың материалдарын күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау барысында пайдалана алады», – деді Дәулет Арғындықов.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Сараптамалық кеңес мүшелеріне пікірлері мен ұсыныстары үшін алғыс білдірді.

«Сараптамалық кеңестің жұмысы әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартудың және қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің тиімді стандарттарын әзірлеуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Сіздермен атқарып жатқан жұмыстардың барлығының мақсаты – еңбекшілердің әл-ауқатын арттыру», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.