Келелі мәселелер қозғалған жиын өтті

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облысының Кәсіподақтар үйінде «Цифрлық экономика: кәсіподақтардың даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кәсіподақ кездесуінің басында барлық қатысушылар мен әріптестер Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының төрайымы Татьяна Самойлюкті бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мүдделі диалогтың модераторы ретінде Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков, спикер – Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның Қарағанды облыстық филиалының директоры Юрий Гусаков сөз сөйледі.

Өз сөзінде Юрий Анатольевич Қарағанды өңірінің кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің назарын фрилансерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесіне аударды. “Олардың еңбек шарттары жоқ, міндетті зейнетақы аударымдарын жүзеге асырмайды, медициналық сақтандыру үшін жарна төлемейді, сол арқылы өз болашағына зиян тигізеді. Бұл қызмет түрлерімен көп қызметкерлер айналысады. Кәсіподақтар өздерін толғандыратын мәселелерді шешу және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізу үшін түрлі көрсетілетін қызметтерді берушілерді өз қатарларына біріктіріп, мемлекеттік және өңірлік деңгейлерде олардың құқықтары мен мүдделерінің қорғаушысы бола алар еді”, – деді өз сөзінде спикер.

Қатысушылар ұйымдастырушыларға осындай маңызды тақырыпта дөңгелек үстел өткізгені үшін алғыс айтып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру үшін белгілі бір жағдай туғызатын алғышарттарды айта отырып, осы мәселелерді шешу бойынша кәсіподақ қозғалысын дамыту туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Кәсіподақ өкілдеріне практикалық жұмыста қолдану мақсатында заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердиннің «Қазақстандағы еңбек құқықтары» жобасы аясында дайындалған қазақ және орыс тілдеріндегі «Жалақы», «Келісім комиссиялары жеке еңбек дауларын шешудің сотқа дейінгі және соттан тыс құралы ретінде», «Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары және оларды қорғау», «Еңбек шарттарын тоқтату: теория және практика» тақырыптарында брошюралар табыс етілді.