Күн тәртібінде: «Педагог мәртебесі»

Жуырда Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы білім беру ұйымдары  педагогтерінің құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес жұмысын департамент басшысы Г.Сүлейменова қысқаша сөз сөйлеп ашты.

Күн тәртібіндегі «Қалалық және аудандық білім бөлімдеріне қарасты білім беру ұйымдарындағы ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының орындалуы» мәселесі бойынша білім бөлім басшылары Ф. Г. Шангереева (Атырау), О.М. Дильмукашева (Индер), Г.М. Курмангалиева (Исатай), Г.У. Кубаева (Құрманғазы), А.М. Қақпанбаева (Жылыой), Ө.Қ. Адилов (Қызылқоға), А.Т. Долдашев (Мақат) және Г.Е. Тәжіковалар (Махамбет) қысқаша хабарламаларын онлайн форматында берді.

Хабарлама жасаған білім бөлім басшылары педагогтардың оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау, әлеуметтік кепілдіктер мен олардың материалдық жағынан қолдауға ие болу аясында көптеген ұнамды шаралардың жүзеге асқандығын баяндады. Ауылдық елді мекенде кәсіптік қызметін жалғастырған ұстаздарға жасалған қамқорлықтар мен тәлімгерлік қозғалыста сөз болды.

Бұл мәселе жөнінде Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары А.Б. Дүйсекенова, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қ.Сүндетұлы, «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры м.а. Г.Ә. Таңатарова, «Педагогикалық Шеберлік Орталығы» жекеменшік мекемесінің Атырау қаласындағы филиалының  директоры Т.Б.  Унғарова сөз сөйлеп, педагогтардың мәртебесін арттыру аясында бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Күн тәртібіндегі «Білім беру ұйымдарындағы әдеп жөніндегі кеңес жұмыстарының жүргізілуі туралы» департамент басшысының орынбасары Б.Е. Таишев, «Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық жөніндегі кеңес жұмыстарының жүргізілуі туралы» департаменттің  білім сапасын сырттай бағалау бөлімі басшысы Г.К. Тажиевалар баяндама жасады.

Жыл қорытындысын саралаған Атырау облысының білім беру ұйымдары  педагогтерінің құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесте күн тәртібінде талқыланған мәселелер жөнінде тиісті қаулы қабылданды.