Баршаға жайдары көңіл-күй сыйлайтын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шет ауданында дүбірлі той өтті. Жағымды жаңалыққа тағы да бақытын ұстаздық жолдан тапқан білім саласының майталмандары себепші болды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағына қарасты Шет аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының төрағасы Қайрат Бигожиннің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен Марат Баймұхановқа, Қарлыға Мағауова мен Күлжан Бургаковаға «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалі табысталды.
Мерекелік кездесуге асыға жеткен Шет ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Рысқалиұлы мен аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті меңгерушісі Дат Бақтығалиұлы өз құттықтауларымен марапат иелерінің қуанышын еселей түсті.