“Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру үшін жасалатын жұмыстарды жұмыла бірге атқаруға дайынбыз”

Құрметті Жерлестер! Қадірлі Еңбеккерлер!

Біз, Қызылорда облысы кәсіподақтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадық.

Шын мәнісінде «Қасіретті қаңтар» сабағы мемлекетіміз үшін үлкен сабақ болғандай, бұл қаңтардың ызғарын Ел болып сезіп, Қоғам тұтастығы Тәуелсіздік кепілі екендігіне көз жеткіздік.

Мәжілісте Президент Елдің біртұтастығын сақтап, одан әрі дамуы жолдарына нақты қадамдарды атап өтті.

Біз Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысындағы мәлімдемесіндегі барлық бағыттарды толық қолдаймыз және осы аталған бағыттар бойынша, соның ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру үшін жасалатын жұмыстарды жұмыла бірге атқаруға дайынбыз. Президент ерекше назар аудартқан ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, лайықты жалақы төлеу, жұмыссыздықты қысқарту тетіктерін жүзеге асыру қазірде елдің әл-аухатын көтеруде маңызды да өте өзекті шаралар болып отыр. Бұл мәселелердегі нақты қабылдануы қажетті шаралар топтамасы Кәсіподақтар федерациясы Атқару Комитетінен 7 қаңтар 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа жолданған Үндеуде орын алған болатын. Бұл Үндеуде Біздер, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде елде қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіретіндігін және тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуы, іс-әрекеттердің заң аясында жүзеге асырылуы мен бейбітшілік пен келісімнің сақталуын қолдайтындығын жеткіздік. Сонымен қатар, орын алған оқиғалардың негізгі себептері қатарында жалпы халық табысының төмендігі, азаматтардың еңбек ету құқығы толыққанды қамтамасыз етілмеуі және әлеуметтік диалогтың тиісті дәрежесінде болмауы деп есептейтіндігімізге назар аударттық. Бұл пайымдаулар кәсіподақтардың еңбек ұжымдарымен тығыз байланыста жұмыс барысында, әлеуметтік-еңбек шиеленістері ошақтарында, тараптардың келіссөздер жүргізу алаңдарындағы тәжірибелерімізден түйінделген.

Кәсіподақтар федерациясы Үндеу арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру үшін қажетті еңбекақы төлеу жүйесін, еңбек етудің лайықты шарттарын, жұмыс орындарын сақтау және жаңа орындарды ашуды қамтамасыз ету, еңбек заңдылықтарын сақтауда мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту, шынайы әлеуметтік диалогты қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның институттарының рөлін күшейту және басқа да бірқатар ұсынымдар жолдады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мәлімдемесіндегі әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарында Кәсіподақтар Федерациясы Үндеуіндегі аталған шаралар ескеріліп, жүзеге асырылады деген сенімдеміз.

Бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері ғана Қазақстанда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға бастыру және еңбек адамына лайықты жағдай жасауды қамтамасыз етудің негізі бола алады.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 12 қаңтар 2022 жыл.