Ақтөбеде 2022 жылдан бастап бірқатар ірі кәсіпорындарда жұмысшылардың жалақысы өсетін болды

Ақтөбе облысында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Оған комиссияның тең төрағалары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлы, «Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі төрағасы А.Әмірғалиев , «Базарлар, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары қауымдастығы» Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Д.Довматенко мен облыстық еңбек инспекциясы басшысы А.Мырзалин және ірі кәсіпорын жетекшілері қатысты.

Басты жаңалық – 8 ірі кәсіпорындағы жұмысшылар жалақысы өсетін болды.«Казхром» ТҰҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту кобинаты жұмысшыларына дифференциалды түрде өсіретін болды.

Жиында бірқатар мұнай-сервистік компаниялар мен ірі кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі қаралды. Өйткені, жуырдағы қаңтар оқиғасы кезеңінде Ақтөбелік мұнайшылар мен кеншілер жалақыны өсіруді талап еткен болатын. Қаңтардың басында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қарасты Жаңажол мұнай-газ өңдеу зауыты жұмысшыларының ереуіліне барып, жұмысшылармен ашық диалог орнатып, жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізді. Басты талаптары – жұмысшылардың жалақысын көтеру, индексация жасау, тамақтануды жақсарту, қажетті ауысымдық киімдермен қамтамасыз ету т.б.

“Соңғы уақытта жиілеп кеткен еңбек дауларының басты себебі – жалақының төмендігімен қатар, жұмыс берушілердің қарапайым еңбек адамдарының жан айқайына құлақ аспауы. Олармен келіссөздер жүргізбеуі. Міне, осыдан барып наразылықтар ушыға түседі.

Айта кету керек, біз еңбек даулары бар тәуекел картасындағы кәсіпорындар тізімін жасақтап, олармен жыл бойы жеке жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі таңда еңбек даулары бар тәуекел картасында «Восток нефть», КНЛК Интернешнл, «КМК-Мұнай», «М-Техсервис», «МНСК Синопэк», « ККБК Ұлы Қабырға», «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы», «АқтөбеМұнай Маш Комплект»ЖШС бар. Біз бұл компанияларға ұдайы мониторинг жасап, үшжақты комиссиялардың отырысында түйткілді мәселелердің шешімін табуына ықпал етеміз”, – деді кәсіподақ орталығының төрағасы.

“2021 жылы 16 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 2 мыңға тарта адам кәсіподаққа мүше болды. Алайда ірі компаниялардың біразында әлі күнге дейін кәсіподақ ұйымы құрылмаған. Мысалы, «Азия мұнай сервис», «Батыс мұнай», «Арал Петролеум Капитал», «Фирма Ада Ойл» т.б. бар”, – деп атап өтті кәсіподақ төрағасы.

Сонымен қатар, отырыста мекемелердегі өндірістік жарақат туралы баяндалып, оны төмендету бойынша іс-шаралар жан-жақты айтылды.

Ақтөбе облысында өндірісте 91 жазатайым оқиға болып, 107 адам зардап шеккен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,1 пайызға артық. 2020 жылы 69 жазатайым оқиға, 78 жұмысшы зардап шеккен.
Бұлардың дені – тау-кен өндірісімен қатар, жол-көлік апаттары да бар.

Негізгі себеп – жұмыс берушілердің өндірістік қауіпсіздікті жүйелі дұрыс ұйымдастырмауы. Жауапты мамандардың жетіспеушілігінен, жауапкершіліктің төмендігінен болып отыр.

«Еңбек кодексінің 203-ші бабына сәйкес мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес болуы қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселеге салғырт қарап отырған жұмыс берушілер әлі де бар. Мысалы, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Коппертехнолоджи» және «AltynEx Company» АҚ. Оларда өндірістік кеңес құрылмаған», – деп атап өтті комиссия отырысында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев.

Алайда, бірқатар кәсіпорындарда өндірістік кеңес жүйелі жұмыс атқаруда. Мәселен, «Казхром» ТҰҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту кобинаты және т.б. бар.

Комиссия төрағасы, Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы атқарылған жүйелі жұмыстар үшін облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиевке ризашылығын білдірді.

Үшжақты комиссиясы отырысының соңында «М-Техсервис», «АқтөбеМұнай Маш Комплект» және « КНЛК Интернешнл» серіктестіктері өкілдеріне үстіміздегі жылдың 31-ші қаңтарына дейін жалақыны көтеру мәселесі жүктелді.