Ақсу ферроқорытпа зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымының кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауыты хромды, кремнийлі және марганец қорытпаларын өндіру бойынша әлемдегі жетекші металлургиялық кәсіпорын болып табылады.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытында кәсіподақ ұйымы 1967 жылы құрылды және бүгінде оның қатарында зауыттың 6410 қызметкері бар.

2022 жылдың 28 қаңтарында Ақсу ферроқорытпа зауытында кәсіподақ комитетінің кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Николай Сухотерин кәсіпорынның барлық құрылымдық бөлімшелерін таныстырып, делегаттарға кәсіподақ комитетінің есепті кезеңде атқарған жұмысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, қоғамдық бақылауды күшейту, еңбек дауларын шешу, жас мамандарды қолдау мәселелері қозғалды. Николай Сухотерин конференция қатысушыларына кәсіподақ қызметіндегі өкілеттіктерін беру жөніндегі шешімі туралы хабарлады.

Николай Александрович бүкіл еңбек өмірін зауытқа арнады. Оның еңбек өтілі 42 жылдан асады. Балқытушы ретінде бастап, кейін бақылау-өлшеу аспаптары цехында жұмыс істеді. 1992 жылы кәсіптопұйымдастырушы болды, ал 1995 жылы зауыттың цех комитетінің, кейін зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды.

Ширек ғасыр кәсіподақ комитетін басқара отырып, зауыт жұмысшылары үшін көп жұмыс жасады, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғады және әлеуметтік кепілдіктердің орындалуына қол жеткізді. Ол әлеуметтік маңызды бастамаларды бастады, олардың көпшілігі Қазақстандағы ең жақсы деп саналатын «Қазхром» ТҰК» АҚ ұжымдық шартына кірді.

Николай Александрович Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы барлық съездерінің делегаты болып табылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкімі бойынша көп жылғы еңбегі, кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Николай Сухотерин «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Дауыс беру арқылы кәсіподақ комитетінің жаңа төрағасын сайлау өтті. Ол жөндеу-құрылыс цехының бастығы Айып Абраев болды. Айып Абраев зауытта 1988 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның бүкіл еңбек өмірбаяны 15 жылдан бері басқарып келе жатқан жөндеу және құрылыс цехымен байланысты. Көптеген ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысты.

Қалалық мәслихаттың депутаты болды. Сегіз ай бойы ол қоғамдық негізде кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды, Нұр-Сұлтанда кәсіподақ оқуынан сертификат алды. Өз сөзінде ол ұжымға сенім артқаны үшін алғыс білдіріп, өзінің алдағы жоспарлары туралы айтты.

Кәсіпорында 2016-2021 жылдарға арналған ұжымдық шарт жұмыс істейді, келісу комиссиясы мен өндірістік кеңес құрылды және жұмыс істейді.