ҚРКФ төрағасы: «Әлеуметтік әріптестіктің нақты жұмыс істейтін жүйесін құру бойынша көп жұмыс атқару керек»

Бүгін, 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.


Үйлестіру кеңесінің мүшелері Кәсіподақтар орталығының жұмысының қорытындыларын талқылап, алдағы жылға арналған міндеттерді анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 105 355 кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғайтын 530 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.

Оның айтуынша, өткен жылы елордада 22 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оның құрамына 1 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері кірді.

2021 жылы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның 18 отырысы өтіп, онда әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері, оның ішінде жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері қаралды.

«2021 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2006 жұмыскердің алдындағы 268,5 млн. теңгеден астам жалақы берешегі өтелді. Ағымдағы жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда, яғни 5 кәсіпорындағы 19 жұмыскердің алдында жалақы бойынша берешек 144,7 млн. ​​теңгені құрап отыр», – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Өткен жылы Кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 249 жоспардан тыс тексеру жүргізген.

«Барлық фактілер бойынша бұзушылықтарды жою туралы 132 ұйғарым шығарылды, сондай-ақ 55 заңды және лауазымды тұлға 12,4 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда елордада 107 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 29 адам қаза тапты, 78-і ауыр жарақат алған.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы 70 жағдайда жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталғанын атап өтті.

«Айта кететін жайт, жазатайым оқиғалар негізінен кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда орын алады. Жазатайым оқиғалар өндірістік қызмет пен жұмысшылардың еңбекті қорғау жағдайларының қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, сондай-ақ ақаулы құрал-жабдықтарды пайдалану салдарынан орын алған», – деді спикер.

Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, қазір елордада 789 өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын 842 техникалық инспектор қадағалайды.

Төлеген Күнәділов Үйлестіру кеңесінің мүшелерін өндірістік кеңестер құру бойынша жұмысты өзектендіруге және техникалық инспекторлардың жұмысын күшейтуге шақырды.

Еңбек дауларының алдын алу шаралары туралы айта келе, Кәсіподақтар орталығының төрағасы еңбек ұжымдарындағы тәуекелдерді бақылау және талдау туралы айтты.

«2021 жылы Нұр-Сұлтанда жалақыны көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен 7 ереуіл тіркелді. Қалалық Кәсіподақтар орталығының өкілдері әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, барлық келіссөздер үдерісіне және жұмысшылардың мәселелерін шешуге атсалысты», – дейді Төлеген Күнәділов.

Елордалық кәсіподақ мүшелерінің көптеген әлеуметтік-еңбек мәселелері «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының нәтижесінде өз шешімін тапты.

«Мәселен, акция қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақ орталығы №9 қалалық емхананың екі дәрігеріне баспана алуға жәрдемдесті», – деді Т.Күнәділов.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар орталығының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында 458 қала тұрғынына кеңестер мен түсініктемелер берілді. Атап өткендей, азаматтардың өтініштері еңбекақы төлеу, еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне, сондай-ақ жұмыс берушінің заңсыз әрекеттеріне қатысты болды.

Сонымен қатар, «Заң клиникасы» жобасы аясында «Татуласу орталығы» базасында кәсіподақ мүшелеріне тұрақты түрде тегін заңгерлік көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, кәсіподақтық білім беруді дамыту шаралары да атап өтілді.

Елордалық кәсіподақ ұйымдарының 10 мыңға жуық мүшесі ҚРКФ Білім марафонына және басқа да оқу семинарларына қатысты.

Отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары тиісті баяндамалар мен ұсыныстар жасады.

Теміржолшылар кәсіподағының “Астана” филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту шараларына тоқталды.

«Салалық кәсіподақ пен “ҚТЖ” компаниясының басшылығы арасында меморандумға қол қойылды, оның аясында жалақыны реттеу және басқа да еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету сынды бірқатар мәселелерде кәсіподақтармен келісу туралы келісімге қол жеткізілді», – деді Серік Сәрсекеев.

Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров өз кезегінде әлеуметтік әріптестікті нығайту қажеттігін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады. Мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге ықпал ететін өзара іс-қимылды дамыту қажет», – деп есептейді Әлібек Саттаров.

«Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Батырхан Жұмабаев қатысушылардың назарын музей қызметкерлерінің еңбекақысы мәселесіне аударды.

«60 мың теңге көлеміндегі ең төмен жалақымен кейбір санаттағы музей қызметкерлерінің тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі жоқ. Кәсіподақтар бізді бірауыздан қолдап, тиісті ұсыныстарды Үкіметке жолдайды деп сенеміз», – деді Батырхан Жұмабаев.

«Әділет» қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев кәсіподақ кадрларының біліктілігін және жастардың еңбек сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Әділет» кәсіподақ ұйымы жоғары сынып оқушыларына кәсіподақ сабақтарын өткізу жұмыстарын бастады. Сабақтың мақсаты – еңбек заңнамасын және басқа да әлеуметтік-еңбек мәселелерін түсіндіру. Жастардың еңбек өміріне қадам басқан кезде өз құқықтары мен міндеттерін білуі, сондай-ақ оларды қорғай білуі маңызды», – деді Батыр Әлиев.

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова қалалық үшжақты комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуына әлеуметтік әріптестіктердің бақылауын күшейту қажеттігі туралы ұсыныс айтты.

Мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов бюджет саласы қызметкерлерінің түйткілді мәселелеріне тоқталды.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметкерлерінің құқықтарын кемсітетін заңнамалық олқылықтарды жою қажеттігін атап өтті.

Елорда кәсіподақтарының жұмыс қорытындысын тыңдаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин олардың қызметіне оң бағасын беріп, Еңбек адамының мүддесін ілгерілетуде бірлікке шақырды.

Сатыбалды Дәулеталин Республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтылған Кәсіподақтар федерациясының бастамаларына кеңінен тоқталды.

ҚРКФ төрағасы, ең алдымен, еңбекақы жүйесі мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті, Федерация ең төменгі жалақыны анықтау және арттыру шараларын ұсынғанын жеткізді.

«Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды немесе ағымдағы жылдың басынан белгіленген ең төменгі еңбекақы мөлшерінен 2 есе көп. Сондай-ақ, бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын есептік шама қолданылады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ, ҚРКФ басшысы ең төменгі жалақыны арттыру, азық-түлік себетін есептеу әдістемесін қайта қарау, жалақыны индекстеу, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарау, жалақыдағы айырмашылықты жою және т.б. қатысты бастамалар туралы баяндады.

Оның айтуынша, әлеуметтік әріптестіктердің қарауына жұмыс берушінің актілерін жұмыскерлер өкілдерімен келісу тәртібін заңнамалық тұрғыдан енгізу мәселесі шығарылды.

ҚРКФ ұсыныстарының бірі жұмыс берушінің міндетті еңбек консультацияларын өткізу нормасын заңнамалық реттеуге қатысты.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, еңбек консультациялары ұйымдардағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін ашық шешуге мүмкіндік береді.

Алға қойылған мақсаттарды ойдағыдай жүзеге асырудың басты шарты, ҚРКФ төрағасы атап өткендей, әр кәсіподақ мүшесінің ортақтастығы болып табылады.

«2022 жылы бізге әлеуметтік әріптестіктің нақты жұмыс істейтін жүйесін құру бойынша көп жұмыс атқару керек. Біз бірлесе әрекет етіп, жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз мүмкіндіктеріне сенімді болуы және Кәсіподақтар федерациясының қолдауына ие екенін білуі керек», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Еске салайық, ҚРКФ Бас кеңесінің шешімімен Федерация мен оған мүше ұйымдар 2022 жылды әлеуметтік әріптестік аясында өткізеді. Басты мақсат – Үкімет пен жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек заңнамасын жетілдіру, жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын жақсарту, жалақыны арттыру және қарапайым кәсіподақ мүшелері үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау бойынша бірқатар шараларды әзірлеу және жүзеге асыру.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы