Заңды білу – заман талабы

«Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Науразбаева Екібастұз қаласында жаңа нормативтік-құқықтық актілердің нормаларын қолдану мәселелері бойынша білім беру ұйымдарының басшыларымен және облыстың кәсіподақ активімен семинар-кеңестер кешенін бастады.

Гүлбарам Әуезханқызы өз сөзінде сала қызметкерлерінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін ерекше атап өтті.

Соңғы айларда елде мұғалімдердің қызметіне қатысты қолданыстағы заңнамалық актілерге көптеген өзгерістер мен түзетулер қабылданды.

Білім беру мекемелерінде аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу мәселелерінде педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларымен таныстыру мақсатында семинарлар өткізу ықтимал жанжалды жағдайларды және тәуекелдердің туындауын болдырмау үшін қажетті және уақтылы алдын алу шарасы болып табылады.

Жаңашылдықтарды түсіндіру және оларды жұмыста практикалық қолдану үшін семинар тренерлері ретінде Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі  Гулсина Шиндлярская, Павлодар облысы білім беру басқармасының білім беруді дамытудың инновациялық орталығының басшысы Бақытгүл Аушахманова шақырылды.

Г.Шиндлярская мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім және ғылым саласындағы өзге де азаматтық қызметшілердің білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Семинар қатысушыларына, Екібастұз аймағының педагог қызметкерлеріне аттестаттау бойынша жұмыс алгоритмі, аттестаттау кезеңінің түсінігі, біліктілік бағалауды өткізу тәртібі, ұлттық біліктілік тестілеуін өткізу тәртібі, тестілеу нәтижелерін бағалау сияқты мәселелер қамтылған презентация ұсынылды.

Білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларын, әдіскерлерді аттестаттаудан өткізу – педагог кадрларды аттестаттаудың маңызды сәті, өйткені оларға өскелең ұрпақты тәрбиелеуге елеулі жауапкершілік жүктеледі.

Б.Аушахманова мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті.

Басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану үшін мектеп директорларын ротациялау енгізілетін болады және 2022 жылдан бастап толық іске асырылады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары туралы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 Бұйрығы) қоғамдық бірлестіктің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы, семинар тренері Гүлшат Жаркенова өз сөзінде хабарлады.

Сондай-ақ, Гүлшат Оралқызы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау кезінде еңбек қатынастарын рәсімдеудің негізгі қағидаттарын түсіндірді.

Семинар жұмысына жүзден астам тыңдаушы – білім беру ұйымдарының басшылары – кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестері қатысты.