Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін аудандық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған комиссияның тең төрағалары – Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғ.Қобландин мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Т.Махимов, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары А.Көбенов және Ақтөбе облысы бойынша инспекциясының бөлім басшысы А.Зейноллаұлы және жұмыс берушілер – «Ақтөбемұнаймаш комплект» ЖШС бас директорының міндетін уақытша атқарушы М.Бухаева мен өндіріс бөлімінің басшысы Ван Личао мен серіктестіктің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Байғондин қатысты.
«Ақтөбемұнаймаш комплект» серіктестігі 2003 жылы құрылған. Қытайлық инвесторларға қарасты бұл компания мұнай өндірісі жабдығын жөндеу, сервистік қызмет көрсету, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысады.
Алайда, бұл серіктестік жұмысшыларының жалақысы аз. Жұмысшылар жалақыны көтеру мәселесін көтеріп, Ақтөбе облысының әкімі мен еңбек инспекциясына және Кәсіподақ орталығына талаптарын жеткізген.
Компанияның бас директоры Ян Чжаньцзюнь Қытай елінде болғандықтан, жұмыс берушілер осы талаптарды 10 күн мерзім ішінде нақты шешуге мүмкіндік қарастыратындарын жеткізді. Яғни, олар жұмысшылардың жалақысын 25 пайызға көтеруді жоспарлап отырғандарын және оң шешім қабылдайтындықтарын жеткізді.
Кәсіподақ жетекшілері еңбек дауларын ушықтырмай, келіссөздер арқылы шешуде кәсіподақтар тарапынан бастауыш ұйым мүшелерімен тығыз байланыс орнатылғанын атап өтті.
Үшжақты комиссия отырысының соңында нақты міндеттер жүктелді.