Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар, ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті «ұстаз» есімі қашанда ұлағатты. Ал осы ұлағат алып бәйтерек секілді жайқалған әулетте ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерекше.
Әйтеке би ауданының тумасы Әбдірахман Жұмашев пен жұбайы Рәзия Жұмашева бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың екі ұлы мен әулеттің келіндері және қызы педагогикалық білім алып, алды 20-40 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Айта кетерлігі, бүгінде сол жарасымды ата жолын немерелері де жалғастыруда.
50 жылдан астам саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Әбдірахман Жұмашев алғашқы еңбек жолын Ырғыз ауданының бастауыш мектебінде бастаған. 1947-1951 жылдары Ақтөбе педучилищесін, 1951-52 жылдары Н.Байғанин атындағы 2 жылдық мұғалімдер институтын бітірді. Қызметтен қол үзбей жүріп, Орал қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдады. Педагогикалық еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып бастаған ол көп ұзамай өзінінің біліктілігі мен білімділігін көрсете білді. 1950 жылдан бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарының қызметінде жұмыс жасады. 1953-1955 жылдары Ақтасты жетіжылдық мектебінің директоры және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 1955 жылдан бастап педагогикалық еңбек жолын Жабасақ орта мектебінде жалғастырды. Сол уақыттан бастап мектептің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ: «Қазақ КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» марапатымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Үлгілі отбасы бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары оқуға ынталы, әрі зерек болды. Отбасындағы үлкен ұлы Темірбек Жұмашевтың жары Дүрия Сағидоллақызы Ақтөбе педагогикалық институтының түлегі. 1981 жылы Құдықсай совхозында еңбек жолын бастап, 1982 жылы Жабасақ орта мектебінде ұстаздық жолын жалғастырды. Педагогика саласында 31 жыл еңбек етті.
Гүлсім Әбдірахманқызы әке жолын жалғастырып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша бітіріп, Комсомол орта мектебінде мұғалім болып жұмысқа тұрды. 39 жыл еңбек өтілі бар, жоғары санатты ұстаз.
Екінші ұлы Нұрлан Әбдірахманұлы – көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Жабасақ орта мектебінде 30 жылдан бері қызмет жасап келеді.
Отбасының екінші қызы Лида Әбдірахманқызы 1987-1994 жылдары Жабасақ орта мектебінде кітапханашы қызметін атқарды.
Әулеттегі тағы бір мұғалім – Әбдірахманов Талғат Жұмашұлы. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдап, алғашқы қызмет жолын ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында тыңдаушыларға дәріс оқып, кафедра басшысы лауазымында қызмет атқарып, отставкадағы полковник шенімен құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Қазір де педагогикалық қызметті білім беру саласында жалғастырып келеді. Ұстаздық еңбек жолында қызметін мінсіз атқарғаны үшін ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталған.
Білім берудегі шынайы мақсат – адамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани, адамгершілік тұрғыдағы мәнін дамыта білген ұстаз Талғат Жұмашұлы өзін-өзі тану пәнінен оқушыларды қалалық, облыстық, республикалық байқауларға дайындап, жүлделі орындарды иеленді. Талғат Жұмашұлы – ізденістері жан-жақты, білімді де білікті, үлгілі де өнегелі ұстаз, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, тәлімді тәрбие иесі. Педагогика саласындағы еңбек өтілі 25 жыл.
Төртінші ұлы – Асеттің жары Бағила Әбдірахманова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. 2001 жылы Жабасақ орта мектебіне орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Осы аталған мектепте 20 жыл бойы үздіксіз қызмет жасап келеді.
Отбасының сүт кенжесі – Бауыржан Әбдірахмановтың жолдасы да педагог. Гүлмира Құсайынова еңбек жолын Комсомол орта мектебінде бастаған. 1998 жылдан бері орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет жасайды. Қазіргі таңда Пригород орта мектебінде жұмыс жасауда.
Ата жолын әулеттің немелерелері де жалғастырды. Айдана Темірбекқызы география пәнін таңдаса, Гүлдина Жұмашева орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі атанды. Гаухар Нұрланқызы бастауыш пәні мұғалімі болып қызмет атқаруда. Лаура Нұрланқызы физика-математика пәнінен сабақ береді. Нағашы атасының ізін басып келе жатқан жиен Айнұр Серікқызы биология және өзін-өзі тану мұғалімі болып еңбек етуде.
Педагогика саласына көп жылын арнаған, балаларға білім дәнін сеуіп келе жатқан Жұмашевтар әулетінің еңбегі көпке үлгілі. Әулет тарихы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.