Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде облыстағы коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі талқыланды.
Басқосуда кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, Қызылорда облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Берік Сәрменбаев, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директоры Наурыз Сатханов, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Дәулет Ізбасарұлы, кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Ғалымжан Қайырбергенов жұмыскерлердің жалақысын көтеру мүмкіндіктері бойынша тетіктерді жан-жақты қарастырды.
Сала мамандары қазірде кәсіпорындағы электр және жылу энергетикасы саласы мамандарының жалақысы орташа есеппен алғанда 70-80 мың теңгені құрап отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, сала жұмыскерлері жалақысының төмен деңгейіне байланысты кәсіпорындарда білікті кәсіби мамандардың тұрақты жұмыс жасауында және жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесінде қиындықтар туындауда.
Мәселені талқылау алаңына қатысушылар бірауыздан “Табиғи монополиялар туралы” Заңға сәйкес аталған Ереже қағидаларына тиісті өзгерістер енгізу, заңнаманы жетілдіру мәселесін нақтылап, тиісті орындарға ұсынымдар енгізу келісілді.