Марапаттар табыс етілді

«Кәсіподақтар үйінің» мәжіліс залында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұхановтың қатысуымен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кезекті кеңейтілген мәжілісі өтті. Кеңейтілген мәжілісте сөз алған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында биыл да жұмыстардың, іс-шаралардың жалғасатынын айтып өтті.

«Дегенмен, кейбір бастауыш ұйымдарда жекелеген кәсіподақ мүшелері тарапынан еңбекақы көлемінің өсірілуіне байланысты кәсіподақтың мүшелік жарнасының да өскендігінен кәсіподақ қатарынан шығамыз деп өтініш білдіріп жатқандығы дұрыс емес. Кәсіподақтан шығып кеткен жағдайда ертең олардың заңды құқықтары мен мүдделерін кім қорғайды? Ал, кәсіподақ Еңбек Кодексі мен басқа да заңнамалар негізінде өзінің әр мүшесінің құқықтарын түрлі деңгейде қорғай алатын бірден-бір қоғамдық ұйым екендігін де ескеру керек. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялауына байланысты, жұмыс берушілермен арадағы байланысты нығайту, мерзімі аяқталған ұжымдарда қазіргі талаптарды ескере отырып, жаңадан ұжымдық шарттар қабылдау міндеті тұр», –  деген Ізтұрған Ұзақбайұлы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін көтеру, сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, еңбекақы жөніндегі даулар мен түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуде жақсы жұмыстарды атап өтті. Ол бір топ кәсіподақ қозғалысының белсенділері мен бастауыш ұйым жетекшілеріне өз ризашылығын білдіріп, марапаттар табыс етті.

Күн тәртібіндегі «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, «2022 жылға арналған кірістер мен шығыстар сметасын бекіту туралы» бас есепші Алтын Тюякпаева, «2021 жылдың қорытындысы бойынша кәсіподақ ұйымы мен мүшелігінің статистикалық есебі туралы» бас маман Зәуре Бекмұхамбетова, «Кәсіподақ кадрлары мен активін оқыту жоспары және кестесін бекіту туралы» және «Қоғамдық бақылау өткізу жоспарын бекіту туралы» бас маман Юля Айбосынова хабарламалар жасады.

Атқару комитетінің мәжілісінде пандемияға байланысты ұйымдастырылмай қалған облыстың білім және ғылым саласы қызметкерлері арасындағы «Атырау көктемі» атты көркемөнерпаздар фестивалін өткізу, «Рухани жаңғыру: жаңартылған білім беру және тәрбие» тақырыбында былтыр күзде өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қарарын жүзеге асыру мақсатында “Халық мұғалімі”, «Атырау облысының Құрметті азаматы», профессор Құсиын Айтқалиевқа арналған «Үздік педагогикалық қызметі үшін» атты төсбелгісінің Ережесі мен эскизі талқыланып, бекітілді.

Сондай-ақ, мәжілісте кәсіподақ мүшелерінің биылғы жазғы емдеу-сауықтыру мәселесі де назардан тыс қалмады.