Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ел – ерімен мақтанар» атты кездесу өтті. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, батырлық қасиеттерді сіңіру, сұрапыл жылдарда от кешкен майдангер батырлардың ерлік жолын насихаттау мақсатында кездесуге ардагерлер, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла және Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев интернационалист жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла: «Арамызда жүрген ардагерлермен жиі кездесулер ұйымдастырып, аға ұрпақ өкілдерінің ерліктері дәріптеліп тұрса, жастардың әскерге бармауы, әскерден қашуы сияқты келеңсіздіктер орын алмас еді», – деп атап өтті.
1979-1989 жылдар арасында Ауған соғысына Қазақстаннан жалпы 22 мың адам қатысты. Сұм соғысқа Түркістан облысынан 1227 азамат ілініп, ауған қасіретін көзбен көрген.
Кездесу барысында Ауған соғысына қатысқан ардагерлер облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сөз соңында ардагерлер ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді.