Түркістан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева және Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Диана Турманованың қатысуымен кәсіподақ активінің жиналысы өтті.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла қызметкерлердің әлеуметтік проблемаларын шешудегі кәсіподақ ұйымдарының тиімді қызметін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асырудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап берді. Білім мен ғылым саласын дамыту, мұғалімдердің құқығын қорғау, әлеуметтік әріптестік келісімінің аясында еңбек қатынастарын реттеу және тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады.
Қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Диана Турманова Түркістан қаласында білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар мәселесіне байланысты көптеген істер жасалғанын, өткен жылдарға қарағанда жағдайдың біршама өзгергенін, әйтсе де жас мамандардың, оның ішінде ағылшын тілі, химия, физика пәндерінің мамандарының қажеттілігін атап өтті. Қалалық кәсіподақ ұйымы жыл сайын Халықаралық әйелдер күнін және ұлттық Наурыз мерекесін өткізуге, ардагерлерге құрмет көрсету мен Қарттар күніне іс-шаралар ұйымдастыруға қатысатындығын айтты.
Өз кезегінде, Райхан Қыдырбаева Еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек жастарын қолдау, еңбек адамының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне кеңінен тоқталып, алдағы уақытта кәсіподақ атқаратын жұмыстардың негізгі бағыттары осы мәселелер екенін атап өтті.
Кездесу барысында қалалық кәсіподақ ұйымының мүшелері көптеген тақырыптарды қозғап, өз сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, аталмыш кездесулердің жиі болуына тілек білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының құрамына кіретін техникалық және кәсіптік білім беру колледж бастауыш ұйымдарымен кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы мен салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Мамашиевна және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында күн тәртібінде тұрған барлық сұрақтар қаралып, Жандос Шайдулла өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының маңыздылығын және атқарылып жатқан іс-шаралардың жемісті еңбегін айтты. Отырыста қаралған өзекті мәселелердің бірі – жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасындағы Ұжымдық шартты, келісім комиссиясы туралы талқылау болды. Сонымен қатар, жиналыста пандемия жағдайындағы ұжымның жұмысы және еңбек жағдайларын жақсарту туралы сұрақтар талқыланды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері келген қонақтарға алғысын білдіріп, ойларында жүрген барлық сұрақтарына жауап алды.