Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н.Солтамбектовтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде жалақы бойынша берешегі бар банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда еңбек ақыны төлеу бойынша мәселе қаралып және ахуалдық орталықтың мониторингідегі кәсіпорындардың басшыларының есебі тыңдалды.
Жиналысқа Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Күнәділов пен Нұр-Сұлтан қаласы “Әділет” Білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Б. А.Әлиев қатысты.
Отырыс барысында Б.Әлиев елордадағы білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жөнінде бірнеше ұсыныстар айтты. Соның ішінде білім беру ұйымдарының үй-жайларын тазалаушы қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы жөнінде сөз қозғады.
Мемлекет басшысы халықтың жартысының табысы 50 000 теңгеден аспайтынын атап өтті. Білім беру ұйымдарының біліктілігі жоқ қызметкерлері осы санға кіреді. Мысалы: бүгінгі күні қызметтік үй-жайларды жинаушының жалақысы 72591 теңгені (бір қолға 63670 теңге) құрайды (Ең төменгі жалақы көбейгенге дейін – 60009 теңге, қолға алатыны 52709 теңге). Пандемия режимінде қызметтік үй-жайларды тазалаушыларда дезинфекциялау құралдарын пайдалану көлемі ұлғайды, бірақ олардың зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары үшін қосымша төлемі 3539-дан 5309 теңгеге дейін құрайды және жалақының жалпы сомасына қосылған, -деп атап өтті “Әділет” Білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Б. А.Әлиев.
Кәсіподақтардан берілген ұсыныстар құзырлы органдар тарапынан қолдау табады деп күтіледі.