Қызылордалық кәсіподақ белсенділері әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жаңалықтарынан ақпарат алды

Жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелік мемлекеттері қатарында Қазақстанда «20 ақпан – Әлеуметтік әділеттілік күні» аясында әлеуметтік әділеттілікті нығайту бағытындағы шаралар өтеді. 2022 жылы шаралар «Ресми жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу» тақырыбында жүруде. Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік диалогты жетілдіру, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жаңалықтары туралы ақпараттық түсіндірме семинары өтті. Сала мамандары түсіндірме жасаған семинарға облыстық кәсіподақ мамандары, бастауыш кәсіподақ ұйымдларының кәсіподақ белсенділері қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізіліп, азаматтарға жүйе аясында медициналық қызметтер көрсетілуде. Азаматтарымыз МӘМС шеңберінде алатын медициналық қызмет түрлері және азаматтардың сақтандыру мәртебесін алу мәселелері, жүйедегі заңнамалық жаңа нормалар туралы ақпарат алу маңызды деп санаймыз. Әрбір кәсіподақ мүшесінің денсаулығы маңызды және заңнамаларға сәйкес медициналық сақтандыру ресми жұмыспен қамту мәселесін де қамтиды», – деп атап өтті семинардың алғысөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев.

Жиында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов заңнамаларға сәйкес қорға төленетін жарналар мөлшері, төлем бойынша шектеулер, оның қозғалысы, сақтандыру қоры тарапынан алынатын медициналық қызмет түрлері, жүйеге қатысу тәртібі туралы ақпараттармен бөлісті.

Кәсіподақ белсенділері тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін кеңейту туралы ұсыныспен қатар, медициналық көмекті алу тәртіптері мен жарна төлеуде жұмыскер мен жұмыс берушілердің міндеттемелері ерекшеліктері қызу талқыланды.