Бүгінгі кәсіподақ көшбасшылары қатарын Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының кәсіподақ комитетінің төрайымы, сахнаның саңлағы, Халықаралық театрлар фестивалінде жоғарғы деңгейде талантымен танылып жүрген актриса – Баимбетова Қапиза Маханқызы толықтырады.
Қапиза Маханқызы – өз ортасынан оқ бойып озып шығып, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» көрінісінде Мақпал мен Күнікей рөлін, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» спектаклінде Батсай жеңгені, Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» қойылымында Шекер тоқалды, Ә.Файзуллаевтың «Тастанды» көрінісінде Гүлшат, Мағрипа рөлдерін, А.П.Чеховтың «Шие бау» қойылымында Шарлотта рөлі мен басқа да тың туындыларды, тарихи тұлғаларды ерекше сомдаған. Бүгінде өнер иесінің қажырлы еңбегі бағаланып, көптеген шығармашылық табыстарға жетті.
Өнер үшін ғұмырын арнаған Капиза Маханқызы қоғам жұмыстарына да белсене араласып келеді. Ол кәсіподақ ұйымының іс-шараларына белсенді атсалысып, ерен еңбегімен еленді. 2001 жылдан бастап театр кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде ұжым алдында абыройлы қызмет атқарып, 2015 жылдан бастап Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланады. 2016 жылы Облыс мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін «Ерен еңбегі» медалімен марапатталды. 2016 жылы Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Федерациясын «Құрмет белгісі» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасы, ҚР Мәдениет қызметкерлері кәсіптік одағының қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалының Алғыс хаты табысталған. Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен «Дулат Исабеков әлемі» атты Халықаралық театрлар фестивалінде жоғарғы деңгейде танылып жүрген актриса.
Капиза Маханқызы қоғамдық пікірге ой қосатын, кәсіби маман ретінде жастарға үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.