Мәдениет саласының майталманы

Бүгін біз кәсіподақ көшбасшысы, «Шымкент қалалық опера және балет театрының» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері, қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, театрдың жетекші әншісі – Сейілбекова Уралхан Каналбайқызы туралы айтамыз.

Уралхан Каналбайқызы музыкалық табиғи талантымен сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, аз уақыт ішінде театрдың белді әртістерінің қатарынан көрінген өнер иесі. 2008 жылдан бастап сахнада орындаған басты рөлдері: Дж.Вердидің «Травиата» операсында – Виолетта образы, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында – Татьяна бейнесі, Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсында – Недда, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсында – Жансұлу, Е.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсында – Қыз Жібек, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсында – Қамар сұлу, Дж.Вердидің «Риголетто» операсында – Джильда, А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсында – Ажар, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсында – Сара, Дж.Бизенің «Кармен» операсында – Микаэла, Т. Жармұқаметтің “Домалақ Ана” операсында – Нұрила (Домалақ Ана) образын үлкен табыспен сахналауда. Сонымен қатар, Италия, Польша, Германия, Финляндия, Эстония, Швеция, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда қазақтың өнерін дәріптеуде.

Бүгінде Уралхан Каналбайқызы қазақтың ұлттық театрының сахнасынан бөлек, мәдениет саласында бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына да белсенді араласып, кәсіподақ тынысына өзінің орындаушылық шеберлігімен, қайраткерлік ісімен үлкен үлес қосқан өнер шеберлерінің бірі.

Қазақ операларында басты рөлдерді сомдап, вокалдық партияларды орындап, өзінің қайталанбас хас шеберлігімен танылған Уралхан Каналбайқызы ел ықыласына бөленді. Ол 2006 жылы ҚР “Мәдениет қайраткері ” төсбелгісімен, 2014 жылы облысқа сіңірген еңбегі мен Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін төсбелгілерімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2017 жылы жарлық бойынша “Ерен еңбегі үшін” медалімен наградталды.

Зор жауапкершілік жүгін арқалаған қазақ қызы өзінің міндеттерін халықтың көңілінен шыға білетіндей деңгейде атқарып, қалың бұқара халықтың бұлбұл әуезді әншісі атына сай болып, ылғи халық арасынан табыла біледі.