Теміржол саласында 40 жылдан астам қызмет еткен, ардагерлер кеңесінің төрағасы болып отырған Машур Жабағин өз өмірінен, еңбек жолынан ой бөлісті. «Маған анамның мейірімі мен қамқорлығын көрмей, жақын адамдарымның ортасында жалғыздықты ерте сезінуге тура келді. Екі жасымда анамнан айырылдым. Жетімдік синдромы менің бойымда мәңгі қалды», – деп еске алады жабыраңқы көңілмен Машур Шәкірұлы.
Ол 1961 жылы 7-ші сыныпты бітіргеннен кейін Целиноград теміржол техникумына оқуға түседі. Оқу бағдарламасының күрделі болғаны сонша, 46 студенттің 28-і ғана диплом алады. Болашақ теміржолшылар қатарындағы М.Жабағинғе еңбек тәжірибесінен өту үлкен сынақ болды. Жолсерік, көмекші, кондуктор болып жұмыс істей отырып, күндіз-түні пойыздардың қауіпті аймағында кез-келген ауа-райында алғашқы кәсіби дағдыларды алады. Техникумда оқу, әскерде борышын өтеу Машур Шәкірұлы үшін нағыз өмір мектебіне айналды.
Кейін Ерейментау стансасында поезд құрастырушы, станция кезекшісі болып жұмыс істей бастады. Өз учаскесіндегі қиын сәттерде жедел қимылдауға, дұрыс шешім қабылдауға тырысты.
“Егер Целиноград жол бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары Рипхатулла Мұхамадиев мені станция басшысы Ален Қаппасовтың қамқорлығына Ерейментауға жібермесе, менің тағдырым қалай болатыны белгісіз. Олар менім еңбек жолымда шыңдалуыма үлкен ықпал етті”, – дейді Машур Жабағин.
Оның бойындағы күйзеліске төзімділік, ұйымшылдық, байсалдылық, жауапкершілік сияқты кәсіпке қажетті қабілеттерін аға буын әріптестері бағалай білді. Осылайша, жас теміржолшы 21 жасында пойыз диспетчері қызметін бастайды.
1977 жылы одан да жауапты лауазымға – Целинный темір жолының Целиноград бөлімшесі бойынша кезекші болып тағайындалады.
Өмірдің қарбалас ырғағында ол жаңа білім алуға да көңіл бөлді. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша сырттай бітіреді.
Қажырлы еңбегінің лайықты бағасы жоғары марапат – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
1981 жылы Целиноград теміржол бөлімшесінің басшылығы Машур Жабағинді Есіл станциясының басшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылдайды. Бірақ, ол партияда жоқ болғандықтан, оның кандидатурасын Торғай облыстық партия комитеті бекітпейді. Сонымен қатар, арнайы тексерістен кейін оның «халық жауының» немересі екені туралы ақпарат келеді. Атасы Хасен Шажанбаев колхоз төрағасы болған. Жерлестері арасында үлкен бедел мен құрметке бөленген, білікті, зерделі атасы 1937 жылы репрессияға ұшырап ату жазасына кесіледі.
Соған қарамастан 1985 жылы Жабағиннің кәсіби қасиетін жақсы білетін Теміржол бөлімшесінің басшысы Амангелді Қасымов оны Целиноград жол бөлімшесіне жолаушылар тасымалдау бөлімінің басшысы етіп тағайындайды.
Мансаптық өсудің барлық жылдарында ол баға жетпес тәжірибе жинақтап қана қоймай, сонымен бірге өзінің көкжиегін, теориялық білімін кеңейтті: Мәскеу теміржол университетінің жанындағы Біліктілікті арттыру институтында төрт рет жан-жақты дайындықтан өтеді.
1998 жылы Ақмола теміржолының жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы қызметіне бәсекелестер көп болады. Тағайындау Машур Жабағинге беріледі. Осыған дейін бір бөлімнің жолаушылар шаруашылығының жұмысына жауапты болу керек болса, енді оның қарауына Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Қарағанды өңірлері кіреді. Бұл кезде еліміздің тәуелсіздік алуы, басқарудың нарықтық әдістерінің дамуы жағдайында теміржолдардың эксплуатациялық жұмысын басқаруда құрылымдық өзгерістер басталды.
Араға екі жыл салып, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығы оған жаңа кәсіпорын – «Қала маңындағы тасымалдау» МКҚК-ны басқаруды ұсынады.
Ол әрқашан мықты мамандарды бағалап, әріптестеріне қамқор бола отырып, олармен дұрыс және оңай тіл табыса білді. Еңбекті сауатты ұйымдастырғаны, кәсіби және адами қасиеттері үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК ЖАҚ-ның үздік менеджері» атағына ие болды.
Еңбек демалысына шыққанға дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да жұмыс істейді.
Машур Жабағин – «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісінде пойыздар қозғалысын ұйымдастырумен тікелей байланысты құрылғыларды, құрылымдарды, технологиялық процестерді жаңғырту бойынша оншақты жобаның авторы. Оның ұсыныстары саладағы жағдайды жақсартуға көмектесу ниетінен туындаған нақты мәселелерді шешуге бағытталған.
Оның әкесі де бүкіл саналы ғұмырын теміржол саласына арнады. Ұлы Отан соғысына қатысушы, теміржол бағыттаушысынан станса бастығына дейінгі еңбек жолынан өткен, атақты әулеттің негізін қалаушы – Шәкір Жабағин 2012 жылы 92 жасында дүниеден озды.
Осыдан төрт жыл бұрын М.Жабағин өзінің естеліктері мен темір жол тақырыбына жинақтаған материалдарын “Мамандық шыңына апаратын жол” атты кітабында жарыққа шығарды.
Теміржол саласында абыройлы еңбек еткен Машур Шәкірұлы әкесінің ісін жалғастыра отырып, өмірде дұрыс жолды таңдағанына сенімді. Жалпы еңбек өтілі 250 жылдан асатын Жабағиндер династиясының еңбек шежіресінің жалғасатынына шын жүректен мақтан тұтады.