НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы кәсіподақ ұйымын құру бастамасы үшін 2021 жылдың қыркүйек айында жұмыстан шығарылған «КазПетролГрупп» мұнай компаниясының 12 қызметкерінің құқығын қорғады. Бұл туралы Федерацияның баспасөз қызметінен хабарланды. «Жұмыс беруші мен жұмысшылардың бастамашыл топ мүшелері арасындағы сот ісі Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарында болды. Кәсіподақ федерациясы төрағасының тапсырмасы бойынша Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығының өкілдері Марат Бәйімбетов пен Майра Боранбаева облыстық еңбек инспекциясымен бірге сот процесі барысында жұмысшыларды қорғауға белсене қатысты. Сонымен қатар, Кәсіподақтар орталығының бастамасымен бұл мәселе әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның қарауына шығарылып, кәсіподақ алаңында жұмыс берушімен де бірнеше рет талқыланды», делінген баспасөз баянында. Осыған байланысты, жақында сот жұмыс берушінің жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу әрекетін заңсыз деп танып, істі тоқтатқан. Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Тоғызбаева азаматтарды өз жұмыстарына қайта тұруы және мәжбүрлі бос жүрген уақыттарына жалақы төлеу туралы арыздарын қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Сот жұмыс беруші еңбек шартын бұзғанда басшылыққа алған еңбек шартын ҚР Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырдағы өзгерістермен алынып тасталған 50-баптың 3-тармағы бойынша бұзуы заңсыз, бұл норма азаматтардың еңбек құқығын нашарлататын норма деп таныды. Құқықтары қорғалған жұмыскерлердің бірі Азамат Қалжанов әріптестерінің атынан әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға атсалысқан кәсіподақтарға алғысын білдірді. «Сот процесі біздің, яғни, 12 жұмыстан әділсіз, негізсіз босатылған жұмыскерлердің талап арыздарын толық қанағаттандырды. Әділдік жеңді. Сот төрағасының шешімімен біз жұмысымызға қайта орналастық. Кәсіподақтардың көмегінсіз біз бұған қол жеткізе алмас едік.», – дейді Азамат Қалжанов. Айта кету керек, бастамашыл топ мүшелері алдағы уақытта кәсіподақ ұйымын құруды жоспарлап отыр. Бұл еңбек ұжымындағы жағдайдың одан әрі дамуы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бақылауында болады.