inform.kz: “Еңбекші жастар форумының қатысушылары жастарға үндеу жолдады”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық еңбекші жастар форумының қатысушылары жастарға үндеу жолдады. ҚазАқпарат Қазақстанның еңбекші жастары – кәсіподақ мүшелері үндеуінің толық мәтінін ұсынады.

Құрметті құрдастар, қымбатты достар! Қасіретті қаңтар айындағы күндері қаскөйлердің бейбіт шерулерді мен жастарымызды қалаларымыздағы тыныштықтың шырқын бұзу үшін, ал қордаланып қалған қайшылықтар мен әділеттілікті талап еткен, өзгерісті қалаған ниетті – қақтығыстарға, тәртіпсіздікке және қиратуға итермелегенін Қазақстанның болашағына бей-жай қарай алмайтын жандардың барлығы анық көрді. Қазіргідей аумалы-төкпелі әрі қиын уақытта біз жастарды сындарлы болуға, өз мүдделерін баррикада арқылы емес бейбіт жолмен қорғап, мәселелерді кәсіподақтарға ұйымдаса отырып немесе жастар ұйымдарымен бірлесе шешуге шақырамыз. Барлығымыз бірлесіп ұдайы диалог арқылы және әртүрлі жастағы барлық азаматтардың мүдделеріне құрметпен қарай отырып, заңды бұзбай, үздік оқу, адал еңбек секілді нақты істерімізбен аға ұрпақтың, халқымыздың бізге білдірген жоғары сенімі мен үмітін ақтай аламыз. Біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуатты әрі гүлденген мемлекет құру жөніндегі бағытын қолдаймыз! Біз масылдыққа, енжарлыққа және еңбек етуден қашқандарға төзе алмаймыз. Бүгінгі таңда халқымыз, сүйікті Отанымыз және Президентіміз жас толқын біздерден ұлы істер жасайды деп үміт күтеді. Қазір Жаңа Қазақстанды құратын кез біздің уақытымызға тұспа-тұс келді, біз сонда тұруымыз керек. Өзгерісті өзіңнен бастағанда және айналамызда болып жатқан оқиғаларға өз жауапкершілігіңнің бар екенін түсінгенде ғана біздер қуатты, Тәуелсіз Қазақстандағы шынайы өмірді қалыптастыра аламыз! Отанға қалтқысыз қызмет етуге, кез келген сын-қатер мен қиыншылыққа қарамастан алға жылжу біздің өмірлік мақсатымызға айналсын. Бірлесе отырып өмірімізді жақсы жағына қарай өзгертелік!

https://www.inform.kz/kz/enbekshi-zhastar-forumynyn-katysushylary-zhastarga-undeu-zholdady_a3901403