“Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Атырау» футбол клубының жаңа маусымға дайындығы қалай? Команда құрамының жасақталуы қалай жүруде? Оқу-жаттығу ойындары қалай ұйымдастырылды?” Міне, осы және басқа да мәселелер Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық футбол федерациясының президенті Ізтұрған Баймұхановтың «Атырау» футбол клубының директоры Әлішер Әбсаламов бастаған басшылық құраммен кездесуінде әңгіме өзегіне айналды.
Пікір алысу барысында, сондай-ақ, аяқдоп ойынына жергілікті жастарды тарту, оларға жан-жақты қолдау көрсету, футбол сайыстарын жиірек өткізу арқылы жас таланттардың шеберлік деңгейін шыңдауға жәрдемдесу мәселелері де сөз болды.
Футбол федерациясының президенті І.Баймұханов тиісті мамандармен бірге жақында «Атырау» футбол клубының базасында, «Мұнайшы» және Балықшыдағы «Судоремонтник» стандиондарында болып, жаңа маусымға дайындығын барып көруді жоспарлап отыр.