Бүгін Қызылордада «СНПС Ай-Дан Мұнай» акционерлік қоғамы жұмыскерлері жалақыны көтеру туралы талаптары бойынша компания басшылығымен кездесті.
Кездесуге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы бөлім басшысы Нұрбек Жапақов, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы төрағасы Алмас Нұрғалиев, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Бұған дейін компания басшылығы жұмыскерлердің жалақыны 70 пайызға көтеру туралы талаптары бойынша өз шешімдерін мәлімдеген болатын. Жұмыс берушілердің айтуынша компанияда жұмыскерлерге 18,5 пайызға ғана жалақыны көтеру мүмкіндігі бар.
Ал бүгінгі өткен кездесу барысында компания басшылығы бұл ұсыныспен келіспеген жұмыскерлер өкілдеріне жалақыны 30 пайызға көбейту туралы шешімін жеткізді.
Компания басшылығымен жұмыскерлердің кездесуіне қатысқан облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы бөлім басшысы Нұрбек Жапақов ұжымдық еңбек дауын қараудағы заңнамалық ережелерді түсіндірді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов компания басшылығына жалақыны әкімшілік қызметкерлер мен вахталық жұмыскерлер бөлігінде қайта қарауды ұсынды.
Ұжымдық еңбек дауы тараптарының келіссөздер алаңындағы мәселені талқылауы жалғасуда.