«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе, ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе, бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ол мұғалім. Мұғалімнің қазіргі таңдағы атқаратын рөлі өте жоғары. Себебі, ел болашағы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі әрқашан алдыңғы орында. Ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі болып, алғашқы ұстаздық еңбек жолын Алға ауданы, Ақай орта мектебінен бастау алған жас маман Сағынғалиева Жұпар Сүндетқалиқызы. Жұпар Сүндетқалиқызы осы оқу жылында мектептің тәлімгер қызметіне қабылданды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымы – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк», – деп М.Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті. Осы орайда оқушылардың бойындағы дарынды қасиеттерді ашу үшін Жұпар Сүндетқалиқызы жетекшілік ететін «Ұшқын» театр үйірмесінің оқушылары республикалық «Театрдың ғажайып әлемі» атты байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, «Бауырсақ» атты үстел үсті театрын қойып, мақтау қағазымен марапатталды. «Мейірім әлемді құтқарады» атты эссе байқауынан Сания Саграева 1-орын иеленді.
Жұпар Сүндетқалиқызының жетекшілік етуімен өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшыларына арналған «Үздік көшбасшы-2021» атты аудандық байқауға қатысқаны үшін мектеп парламентінің президенті Игілік Әділ алғыс хатпен марапатталды, сонымен қатар осы ұйымның мүшелерінің бірі Диана Тілектес Республикалық «Абай» пәндік олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңінде бірінші орынды еншіледі.
“Шәкірттерімнің әрбір жеңісі мен олардың шыққан белестері әр кезде мені шабыттандырып, ынталандырады”, – дейді жас маман.