«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Өзбек драма театрының ұжымымен өткен кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Р.Ақжігітов, ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Р.Шеримов пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы К.Сайитов қатысты.
Аталмыш шарада сөз алған кәсіподақ ұйымының төрағасы: «Өнер ошағында бүгінде 53 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 26 шығармашылық, 5 көркемдік құрам, 6 әкімшілік құрам, 3 жарнама ұйымдастыру, ал техникалық қызметкерлер саны – 13. Театрдың барлық қызметкерлері кәсіподақ мүшесі болып табылады. Кәсіподақ тарапынан театр қызметкерлеріне қолдау шаралары жүргізіліп отырады. Жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделері кәсіподақтың назарында», – деп айтып өтті.
Ал кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары қатысушыларға кездесу бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен тікелей кері байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырғанын жеткізді.
Бүгінде Шымкентте сала бойынша 8 филиал мен 7 жергілікті кәсіподаққа топтасқан кәсіподақ мүшелері 51 мың адамға, ал бастауыш ұйымдар саны 281-ге артқан. Кез-келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, әрбір еңбекшінің құқықтары мен мүдделерін тиімді де белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Азаматтардың еңбек қатынастары, даулары мен түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, кәсіподақ мүшелеріне қымет көрсетуде. Кәсіподақтың негізгі міндеті – еңбек және еңбекпен байланысты қатынастар саласында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырумен ұштасады.
Жиын соңында театр қызметкерлерінің көкейінде жүрген сұрақтар тыңдалып, оларға тұщымды жауаптар берілді.