Нұр-Сұлтанда құрылысшылардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Құрылыс кешені және Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының “Астана” қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова “Абу Даби Плаза” құрылыс алаңында “Arabtec CCL” компаниясы филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Жиналыста кәсіподақ комитетінің ағымдағы кезеңдегі жұмысының қорытындылары шығарылып, Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы туралы, әлеуметтік кепілдіктерге және қызметкерлердің жалақысын индекстеуге қатысты мәселелер қаралды. “Arabtec CCL” филиалының кәсіподақ комитетінің төрайымы Г. Ажмағамбетова кәсіподаққа мүшелікті нығайту және арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Жиналыста ұжым үшін ең өзекті мәселелер талқыланды. Жұмысшылар өз проблемаларын айтып, компанияның штаттық қызметкерлеріне және сол жұмысты орындайтын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудегі теңсіздік туралы мәселені көтерді.

Салалық филиалдың төрайымы Т.Мадьярова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұсынған әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту және жалақыны индекстеуді заңнамалық бекіту, жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау және арттыру, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарау, еңбекақы төлеудегі алшақтықты жою жөніндегі ұсыныстар туралы айтып берді. Ол кәсіподақ мүшелерін қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеуге, ұжымдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып, тек заң аясында әрекет етуге шақырды.