2022 жылғы 23 ақпанда Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Мобильді консультациялық пункт» жобасы шеңберінде «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Е.Губарев, «Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру бөлімінің басшысы А.Мұқатова, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар филиалының директоры В.Питраков, «Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры А.Қапенова, Павлодар облысы бойынша ҚРКФ Заң клиникасы филиалының басшысы М.Иванова «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС қызметкерлерінің және медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Кездесудің 100-ден астам қатысушысы ZOOM платформасы арқылы Мобильді консультациялық пунктінің спикерлеріне қосылып, «Қазақстан Республикасының азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру – жұмыс істейтін халықты қорғау», «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы аударымдарының құқықтық режимі», «Дауларды сотқа дейін реттеуге бағытталған заңнамадағы өзгерістер туралы» тақырыптарда дәрістер тыңдады және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Еңбек ұжымдарының қызметкерлерін қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер туралы ақпараттандыру және оларға тікелей жұмыс орындарында кеңес беру Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жүргізетін түсіндіру-ақпараттық жұмыстың олар үшін қолайлы нысаны болды.