23 ақпанда Қызылордада «СНПС-АйДанМұнай» компаниясының жүзден астам вахта жұмыскерлері жұмыс берушіге наразылығын білдірді. Компанияның әкімшілік ғимараты жанына жиналған жұмыскерлер жұмыс берушіден жалақысын 75 пайызға көтеруді талап етті.
Бұған дейін бұл мәселе тараптар арасында облыстық кәсіподақтар орталығы және облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы өкілдерімен келіссөздер алаңында қаралған, дегенмен тараптар ортақ келісімге келе алмаған болатын. Еңбек шиеленісі ошағына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқарамасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева барып, еңбек қатынастарын реттеу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Наразылық білдіруші жұмыскерлерге шұғыл түрде осы мәселе облыс әкімдігінде компания басшылығымен жиналыста қаралатындығы туралы хабарланды. Ұзаққа созылған ұжымдық даудың түбегейлі оң шешімі болады деген үмітпен жұмыскерлер вахталық жұмыстарына кірісті.
Аймақтағы әлеуметтік-еңбек ахуалы мәселесі бойынша түстен кейін Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «СНПС-АйДанМұнай» АҚ, «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС басшыларымен кездесті.
Кездесуге облыстық прокуратура, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өкілдері және тиісті облыстық басқарма басшылары қатысты. Облыс әкімі мұнай өндірісі компания басшыларына жұмыскерлердің жалақыны көтеру туралы талаптарын толығымен қанағаттандырып, аймақтағы еңбек ахуалын тұрақтандыру туралы талап қойды.
Еске сала кетсек, 21 ақпанда Қызылордада «СНПС Ай-Дан Мұнай» акционерлік қоғамы жұмыскерлері жалақыны көтеру туралы талаптары бойынша компания басшылығымен кездескен еді. Кездесуге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы бөлім басшысы Нұрбек Жапақов, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы төрағасы Алмас Нұрғалиев және кәсіподақ белсенділері қатысты.