Бақытын еңбектен тапқан жан

Ел басқару ерлерге тән қасиет десек те, бүгінде өзінің іскерлігімен, елге қызмет етуге деген құштарлығымен, білім-біліктілігімен ерекшеленетін нәзік жандылар да аз емес. Әсіресе, қазіргі уақытта гендерлік саясатқа көбірек көңіл бөлініп, әйелдердің ел ісіне араласуына мол мүмкіндіктер қарастырылуда. Ия, қазір кез келген жергілікті басқару мекемелерінен, қоғамдық ұйымдардан іскер әйелдерді көптеп кездестіруге болады. Әсіресе, жүрген жерінде айналасына шуақ шашып, төңірегіндегілерді өзінің биязы қалпымен тәнті ететін асыл жандар қай ортадан да табылары анық. Әйтсе де, бүгінгі біздің кейіпкеріміз «Қызмет» Салалық кәсіподағы Түркістан облысы Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Биманова Бақытгүл Құрмантайқызының жолы да, жөні де бөлек жан.

Бақытгүл Құрмантайқызы Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Мақтаарал ауыл шаруашылығы колледжіне «Ұйымдастыру және ауыл шаруашылық өнімін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1996 жылы аталмыш оқу орнын «қызыл дипломмен», яғни, үздік бітіріп шыққан. Кейіннен Шымкент қаласындағы Академиялық иновациялық университетінің заң факультетін де бітіріп, заңгер мамандығын алды.

«Мен 1992 жылдан кәсіподақ жұмысына араласып жүрдім. Еліміз Тәуелсіздік алған сол жылдарда кеңестік кезеңнен аудандық партия комитетінде басшылық қызмет атқарып жүрген Оңалбек Әшірбайұлы ағайым Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының Шардара аудандық комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол кісі мені осы мекемеге есепші етіп жұмысқа қабылдады. Сол кезеңдерде Шардара аудандық кәсіподақ комитеті облыста үнемі алғашқы орындардан көрінді. 2006 жылы Оңалбек аға зейнеткерлікке шыққанда, көпшілік бұл орынға мені лайық көріп, бірауыздан аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы етіп сайлады. Алғашында «Қалай болар екен?» – деп қобалжығаным рас. Әйтсе де, он бес жылға жуық осы саланың ыстық-суығына төзіп, еңбек етіп, жинаған тәжірибенің арқасында, кәсіподақ жұмысының алға жылжуына күш салдым», – дейді Бақытгүл Құрмантайқызы.

Иә, «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» деген халқымыз. Б.Биманованың осы саланы басқарып келе жатқанына да он бес жылдан асты. “Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Әке-шешеңнен кейінгі ең қастерлі де, қасиетті, мәңгілікке қарыздар адамың ол ұстазың”,- деп, ұстазы жайлы тебірене еске алады. Бақытгүлдің де үлкен өмірге қанат қағар шағында оң мен солын тануға үлкен үлес қосқан, яғни, еңбектегі ұстазы Оңалбек Әшірбайұлы. Бақытгүл үшін оның орны айрықша. Бақилық болса да, оны бір сәтке де жадынан өшірмей, үнемі «пейіште нұры тасысын» деп, Алладан дұға тілеп жүреді.

«Ұстаздан, шәкірт озар» дейді дана халқымыз. Ұстазынан үйренген мол тәжірбиесін еңбекте шыңдаған Бақытгүлдің де жетістіктері шаш етектен. Яғни, басшылық тізгінді қабылдап алғанда 30 бастауыш ұйым мен 479 ғана кәсіподақ мүшесі болған болса, бұл күнде олардың саны еселеп артып отыр. Дәлірек айтқанда, 42 бастауыш ұйым мен 1382 кәсіподақ мүшесі бар. «Кәсіподақтың қуаты – бірлікте!» – дейтін болсақ, ауданда кәсіподақ жұмысының жандануына, кәсіподақ ұйымдары мен мүшелерінің артуына тікелей Бақытгүлдің сіңірген еңбегі орасан деп айтуға болады.

Қазіргі кезде еңбек ұжымдарында жағдайды қадағалау, қамқорлықты арттыру үшін кәсіподақтарға ширақ қимылдау қажет. Жұмысшылар мен қызметкерлердің құқығын қорғайтын абыройлы кәсіподақ болуы аса маңызды. Кәсіподақ ұйымдарының басшыларын жинап, еңбек ұжымдарында жұмыс беруші мен жұмыс істеушілердің арасында «Ұжымдық шарттар жасау, оның орындалуы, еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек және техника қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде аудандық кәсіподақ комитетінің атқарған жұмыстары да орасан зор. Бұл ретте, жыл сайын бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында «Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ» сынды, тағы басқа да тақырыптарда байқаулар ұйымдастырылып тұрады.

Сондай-ақ, мерекелерде «Өнегелі отбасы», «Жарасымды жанұя», Халықаралық балаларды қорғау күнінде бүлдіршіндерге арнап түрлі іс-шаралар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтармен марапатталып жатса, Аудандық ардагерлер кеңесімен де тығыз байланыста болып, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан аталар мен аналарға тиісінше марапаттар жасап тұруды дәстүрге айналдырған.

Отыз жылға жуық кәсіподақ саласында еңбек етіп, өз бақытын кәсіподақтан тапқан Бақытгүл Биманованың еңбегі ескерусіз емес. Бір емес, бірнеше рет облыстық, Республикалық кәсіподақ басшылары тарапынан Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Халықаралық кәсіподақтар Федерациясының 25 жылдығына орай мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.

Адамды көркейтетін – істеген ісі, халық үшін атқарған қызмет деңгейі, елге болсын деген талпынысы, жанашырлығы, нәтижелі жұмысы. Міне осы үдеден шығып келе жатқан Бақытгүл Биманова аудан, облыс экономикасын дамытуға еңбек сіңіруде. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы қажырлы еңбек етудің арқасында бүгінде абырой биігіне көтеріліп келді. Бақытгүл – шынында да бақытын еңбектен тапқан жан. Осындай жандардың арқасында елде ырыс пен ынтымақ салтанат құра бермек.