Қоғам әлеуметтік әділдік арқылы өркендейді

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2009 жылдан бастап жыл сайын 20 ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін атап өтіп келеді. Басты мақсаты – кедейшілікті жою, еңбекпен толық қамтамасыз ету, лайықты еңбек, барлық адамдар үшін әлеуметтік әл-ауқат және әлеуметтік әділеттілікті іске асыру қағидаларын қолдау.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұл бастаманы қолдай отырып, кәсіподақ ұйымдарын «Жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік әділдікке қол жеткізу» ұранымен өтетін Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін өткізуге қосылуды шақырды.

Осы бастаманы қолдап, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының мәжіліс залында Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне арналған «Жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік әділдікке қол жеткізу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директор орынбасары Сардарбек Молдабеков, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мадина Бурумбаева және кәсіподақ активі қатысты.

Аталмыш іс-шарада мекемедегі ұжымдық келісім шарттың орындалуы, еңбек дауының алдын алу, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлердің құқықтары, жұмыс орындары мен еңбек қауіпсіздігі шараларының сақталуы мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттырының бірі кәсіподақтардың қатардағы мүшелеріне лайықты жағдай мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету болып табылады», – деп қорытындылады сөзін аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі.

Жиын соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, қойылған сұрақтарына жауаптарын алды.