Шымкент қаласы әкімдігінде Қоғамдық кеңестің ағымдағы жылдағы алғашқы отырысы өтті. Жиында қоғамдық кеңестің мүшелері, жергілікті БАҚ өкілдері, басқарма басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосты. Кеңес отырысына кәсіподақтар тарапынан «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Әлтеев қатысты.
Күн тәртібінде қалалық басқармалардың 2021 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен нәтижесі, «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК жарғысын бекіту туралы қала әкімдігінің қаулы жобасы, «Шымкент қаласының жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық қоры объектілерінің тізбесін бекіту туралы» қала әкімдігінің қаулы жобасы, «Заңды тұлға мәртебесі бар жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшерін бекіту туралы» қала әкімдігінің қаулы жобасы, «Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік мәні бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» өзгеріс енгізу бойынша шешімнің жобасы туралы мәселелер қаралды.
Қаралған мәселелерге қатысты Шымкент қаласының Білім, Құрылыс, Дін істері, Ветеринариялық инспекция, Жайлы ортаны дамыту, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшыларының есептері мен ұсыныстары тыңдалды.
Кеңес мүшелері баяндамашылардың есептерін толығымен тыңдап, түйткілді мәселелерін ортаға салып, көкейдегі сауалдарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев кеңес мүшелерінің пікірлерін ескеріп, бірауыздан қабылдаған шешімдерін министрлікке ұсыныс жолданатындығын алға тартты. Ой еркіндігі мен пікір алуандығының ашықтығымен қамтамасыз етілген кеңес отырысында қоғамдағы өзекті мәселелер қордаланып қалды. Халықтың үні билікке жетті.