Еңбеккер бейнесінде – кәсіподақ жетекшісі Әсел Елеуова

Зауыттықтар Әсел Елеуованы өз ісінің қас шебері, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әр істің қыр-сырын таба білетін маман және игілікті істі қолға алған кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде жақсы біледі.
Қ.Жұбанов атындағы университеттінің химия-технология факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған Әсел Елеуова 2008 жылы алғашқы еңбек жолын Ақтөбе рентген зауытында жастар практикасының жолдамасымен инженер-химик, технолог болып бастаған болатын. Өндіріске келген жас маман келген күннен бастап университеттен алған білімін практика жүзінде жүзеге асырып, тәжірибе жинақтады. 2014 жылы Ақтөбе облысындағы ең ірі 80 жылға жуық тарихы бар алып зауытта еңбек етуді мақсат етіп қойған Әсел Елеуова Қазхром «ТҰК» АҚ-ның филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының электростанция бөлімі №4 балқыту цехына су дайындаудың аға шебер-технологы болып еңбек жолын жалғастырған болатын. Өндірісте шыңдалған ол 2019 жылдан бастап электростанцияның инженер-химигі қызметін абыроймен атқарып келеді. Жас маманның іскерлігін байқаған әріптестері цех ұжымының шешімі бойынша Әсел Елеуованы кәсіподақ комитетінің төрайымы етіп сайлады.

«Аты әлемге әйгілі алып зауытта еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін. Себебі аталмыш өндірісте алаңсыз, заман талабына сай еңбек етуге әрі жас мамандардың білікті маман болып қалыптасуына бар мүмкіндіктер қарастырылған. Ал кәсіподақ ұйымының жұмысына келетін болсам республикалық, облыстық және компания, зауыт көлемінде болатын мәдени, әлеуметтік, қайырымдылық, ұрпақтар сабақтастығы Ардагерлер және жас мамандар кеңесімен тығыз байланыс т.б. ауқымды іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауынсыз өтпейтіні мәлім. Осындай игі істердің басы-қасында қашанда кәсіподақ ұйымы жүреді. Кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің жанашыры жоғын жоқтап, еңбек адамдарының құқығын қорғап, өз ісінің маманы болуға жағдай жасайды. Бір сөзбен айтқанда жұмыскерлерге қуаныш сыйлаудан жалықпаймыз. « Жастар біздің – жарқын болашағымыз» деген қағиданы басты назарда ұстайтын компанияда жас мамандарға өндірістегі жұмыспен бірге өзінің білімі мен біліктілігін арттыруға, тіпті ғылымми жұмыстармен айналысуға барлық жағдай жасап қойғандығы қуантады», – дейді кейіпкеріміз.

Кәсіподақ – қарапайым жұмыскерлердің, еңбек адамдарының жанашыры болғандықтан ұжымның мұң – мұқтажын көтеріп, жоғын жоқтап жүрген елгезек Асельді әріптестері ерекше құрметтейді. Ол өндірісте білікті маман, жас мамандардың тәлімгері, жанұясында Мағжан, Бауыржан, Ақжан атты бүлдіршіндердің сүйікті, өнегелі анасы, Бекжанның аяулы жары. Қолы қалт еткенде кітап оқып, шахмат ойнайды.
Еуразиялық Топтың бастамасымен өткізілген « Фабрика идей» жобасына қатысып 2021 жылы өндіріске қатысты тың және ең көп идеялар ұсынған арулардың қатарынан табылып арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар 2014 жыл бастап жас мамандарды өндіріске бейімдеу мақсатында тәлімгерлік жұмыспен айналысып келеді. Жаста болса бас болып жүрген Әсел Елеуованің фотосы «Құрмет тақтасының» төрінен орын алған.

«Әсел Елеуова цех кәсіподақ ұйымының төрайымы болғандықтан негізгі жұмысына қоса жұмыскерлерді толғандырып жүрген әлеуметтік мәселелерін, демалыстарын, балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру және ұжымдық шарт бойынша атқарылатын жұмыстар: жұмыскерлерді зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салу, материалдық қайтарымды және қайтарымсыз көмек, көп балалы аналарға, емделу- сауықтыру, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады», – дейді әріптесі жайлы цех бастығы Александр Романюк.

Жас болса да өз ісінің шебері атанған, өндірісте ерлермен бірге тең иық тірестіріп еңбек етіп жүрге Әсел Елеуова қашанда ізденіс үстінде. Білімі мен біліктілігін толықтырып, өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым ару әріптестерінің мақтанышы. Жігерлі күш иесі, нәзік жанды арудың алар асуы, бағындырар биігі әлі алда.