Берекелі бірлік – ұлы күш

Жылдағы жақсы дәстүр бойынша «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кәсіподақ ұйымының бастамасымен Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтті. Айтулы күнге орай зауыттықтар арасында цехаралық байқау ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша теміржол, қожды қайта өңдеу, шикіқұрам дайындау, механикалық құрал-жабдықтарды жөндеу және дайын өнімдер цехтарының құрама командасы, электростанция, электр, энергия, автокөлік цехтарынан құралған командалар 1-ші жүлделі орынға ие болды.

Алғыс айту мерекесі жылдағы игі дәстүр бойынша биылда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері арасында да өз жалғасын тапты. Байқау Қазақстан халықтары арасындағы келісімді нығайту, әртүрлі ұлт өкілі жұмыс істейтін өндірісте зауыттықтардың достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өтті. Байқауға 18 цех және бөлімшелер қызметкерлері бір кісідей атсалысып, Өзбек, Грузин, Украина, Туркия ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарын дайындап, қонақжайлылығын паш етті. Сондай-ақ, зауыттықтар әр ұлттың тағамдарынан ауыз тиіп, ұнаған тағамдарының жасалу технологиясы жайлы қысқаша мәліметтер алды. Қатысушылар сол ұлттың биін билеп, енді бірі ән салып, мерекені қыздырды.

Зауыттың орталық өткелі бұл күні ерекше бір мерекелік күйге бөленді. «Достығымыз мәңгілік», «Рахмет, саған Қазақстан!», «Ерен еңбектеріңіз үшін мың алғыс» деген қанатты сөздер, тағамға толы дастархан, ұлттық нақышта киінген қатысушылар бір-біріне ілтипат білдіріп, қол алысып, рахмет айтып, мерекені айшықтай түсті. «Туған жерім», «Менің елім – Қазақстан» атты әуезді әндер достығымыздың туын көкке самғатып, зауыттықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Кәсіподақ ұйымы – жұмысшылардың мүддесін қорғайды, қолдайды. Елімізде болып жатқан әрбір мерекеге зауыттықтар бей-жәй қарай алмайды. Кәсіподақ ұйымы қандай мейрам, іс-шара болмасын әрдайым бірінші болып қолға алып, ерекше бір ілтипатпен атап өтуге тырысады. Осы мерекені пайдалана отырып бірнеше ұлт өкілдерінің басын құрайтын зауыттықтарға өндірістегі ерен еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Металлургтер жақсы жұмыс істеп, көнілді демала біледі. Оған барлық жағдай жасалған. Бүгінгі байқауда бағы мен бабы шапқандар жүлделі орынға ие болды деп есептеймін. Әр цех ұжымы әр ұлттың бай дастарханын әзірлеп, қонақжайлылығын, салт-дәстүрін көрсетті. Жыл сайын Алғыс айту күнін әртүрлі бағытта жандандырып өткізіп отырамыз», – дейді кәсіподақ ұйымының төрасы Әбілқайыр Сотқаров.

Игі істердің ұйытқысы болып жүретін кәсіподақ ұйымы Алғыс айту күнін лайықты түрде өткізді. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды.