Дәулеталин Еңбек министрлігінің алқа мәжілісінде: Адамның еңбегі өте арзанға бағаланбауы тиіс

2 наурызда сәрсенбі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты.

Отырыс ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтті, жиынға ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандағы еңбек нарығының қазіргі кездегі сын-қатерлері бойынша кәсіподақтар ұстанымын белгілеп берді. Оның айтуынша, қазір «жалақы деңгейінің тоқырауы мен еңбек табысының төмендеуі» өзекті мәселелердің бірі болып отыр. ҚР КФ төрағасы тұрғындар кірісінің кері динамикасының себебі –  жұмысберушілердің қазіргі қиын экономикалық жағдайда еңбек саласындағы болып жатқан өзгерістерге дайын болмауынан деп атап өтті.

«Жұмыс берушілер жалдамалы еңбек шығынын азайту үшін еңбек заңнамасындағы нормаларды жиі сақтамайды, осылайша ол еңбек қатынастарында барынша аз қорғалған жұмыскердің мүддесіне қайшы әрекет етеді. Компанияларға жаңа құрал-жабдықты енгізу, технологияның өзгерту негізінде еңбек өнімділігін арттырудың орнына  арзан еңбек күшіне арқа сүйеу олардың бизнесін дамытуға нақты тірек болады. Әңгіме жалақы мөлшері экономикадағы орташа жалақыдан аспайтын кәсіпорындар турасында. Былайша айтқанда арзан еңбек күші бар болғандықтан олар қомақты капитал қаржысын салғысы келмейді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының жетекшісінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда еңбекке ақы төлеу саласына қатысты көптеген сұрақ туындайды.

«Қазіргі еңбекке ақы төлеу жүйесінің деңгейлік «аномалия» параметрлері және дифференциациясы экономикалық қызмет түрлерін,  шаруашылық субъектілерін, кәсіби-біліктілік топтарын және экономикалық қатынастарды бұзады, сондай-ақ әлеуметтік өзара қарым-қатынасқа салдарын тигізіп, экономикалық өсімді тоқтатады. Сондықтан жедел түрде еңбекке ақы төлеу базалық институтарын өзектендіру қажет. Ол еңбек нормаларын, Бірыңғай тарифтік кестені, кәсіби стандарттарды, ең төменгі жалақы белгілеу әдістемесін қамтиды. Жалақы төлеу саласында минимум кепілдік деңгейі төмендігі осы мәселеде жұмысберушінің талабын күшейтуге және жұмыскердің лайықты жалақы алу құқығын жүзеге асыруын барынша қиындата түсуге жол береді», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың басқарылу тетігін қалыпты деңгейде сақтау қалу үшін сапалы еңбек қатынастарын қалыптастыруға жоспарлы түрде келу керек. Сондай-ақ ең алдымен лайықты жалақы төлеуге қол жеткізілуі тиіс.

«Арзан еңбек экономиканы күйретеді. Бұл – мәнсіз өмір десе болады, өйткені адамдар отбасын асырау үшін жұмыс күнінен кейін тағы да «жанталасып жүгіруіне» тура келеді. Лайықты еңбек арзан болмайтын біз түсінуіміз керек! Бағаланбаған еңбек кедейлік туралы түсінікті орнықтыра түседі. Әлеуметтік және экономикалық қорғансыздық салдарынан қатардағы көптеген жұмыскерлер үрейленіп, ашына түседі. Олар өз құқықтарын және отбасыларының мүддесін қорғау үшін ақылға сыйымсыз және ақырғы іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Осындай көңіл-күймен Жаңа Қазақстанды құру және дағдарысты еңсеру мүмкін емес», – деп санайды Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР КФ төрағасының пікірінше, әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдай еңбек адамына жедел бет бұруын талап етеді. Бүгінде мемлекеттік органдарға және кәсіподақ қозғалысы үшін де өркениетті еңбек нарығын құру бірдей маңызды. Ол ұдайы «жыртықты жамап қою», уақытша келісімдер мен төмен өтемақылар іздеп табу емес, керісінше қазіргі еңбек нарығын құрудағы стартегиялық мәселелерді шешу.

«Біздің пайымдауымызша, бейнелей айтқанда қазақстандық жұмыскерлермен жаңа еңбек келісіміне қол қою қажет. Соңғы отыз жылдағы «ескі» еңбек шартының күші сарқылды, ол жұмыскерлердің табысын өсірмейді, экономиканы алға сүйремейді. Жұмыскердің табысын артыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік және экономикалық саясатқа күрделі өзгерістер қажет. Бұл өзгерістер жұмыскерге (кәсіподақ ұйымы арқылы) жұмысберушімен арадағы еңбек дауын шешуге араласуға, оның ішінде қазіргі әлеуметтік диалог жүйесін толықтырып қолданыстағы бюрократиялық рәсімдерсіз ереуіл өткізуге құқық береді. Оның мәні жұмыскердің табысын арттыруды және құқық алаңында жұмысберушімен қатынасын анықтап алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме еліміздегі әлеуметтік шиеленістің азаюы жөнінде ғана емес. Әңгіме әлеуметтік әділеттіктің қалпына келуінде, жұмыскердің жұмысберушіге және мемлекетке сенімі жөнінде», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Бүгін ҚР КФ төрағасы Үкіметке кәсіподақтардың еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын ары қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар топтамасын тапсырды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы медиаорталығы