Кәсіподақ арулары ерекше құрметке бөленді

Көктем мезгілі, оның ішінде наурыз айы мерекеге толы кезең. Жер ана бусанып, тіршілік оянып айнала гүлдене түседі. Табиғаттың сұлулығы гүл деп білсек, адам өмірінің сұлулығы әйел заты екені баршаға аян. Нәзік жандылардың Халықаралық мерекесіне орай, «ЗБН ВИЗиТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алкогольсіз сусындар шығаратын зауытта өндірістің әр сатысында қызмет ететін әйел азаматшаларға  «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан сый жасалды.

Таңның атысы кештің батысы зауыт қабырғасында қызмет ететіп жүрген нәзік жандыларды Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев жұмыс орындарына арнайы барып, белсенді әйелдер қауымына құрмет көрсетіп, шұғылалы көктем мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, өз саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар нәзік жандылар «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Шымкент қалалық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Кәсіподақ тарапынан ерекше ілтипатқа Разия Адилбекова, Шолпан Абдураева, Ирина Лукьянова, Айша Ермекбаева, Халида Рахметова, Елена Кириякиди, Карима Койбагарова ие болды. Осы аруларға мерекелік сыйлықтар да табыс етілді.

Бауыржан Әлтеев нәзік жандыларды мерекемен тағы да құттықтап, еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөліне тоқтала келіп, оларға денсаулық және барлық бастамаларына табыс, өздеріне мол шаттық тіледі. Құттықтауға жиналған ер азаматтар көктемнің шуақты күні мен сәулелі нұры әрқашанда көтеріңкі көңіл-күй сыйласын деп тарқасты.