caspianlife.kz: “Биыл Атырауда 79 еңбек дауы тіркелді”

СaspianLife, 10 наурыз — Биыл Атырау облысында 79 еңбек дауы тіркелген. Шағымның басым бөлігі жалақының төмендігіне қатысты, дейді Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы.

9-10 наурызда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында КФ басшысы бірқатар әлеуметтік әріптеспен кездесу өткізді. Талқыланған басты тақырыптар – жалақы берешегі, оны көтеру мәселесін шешу, еңбек дауларының алдын алу және өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін ары қарай дамыту.

Жұмысшы топтың төрағасы – Атырау облысы Кәсіподақ орталығының жетекшісі Ізтұрған Баймұханов бұл кездесуге жұмыскерлері белгілі бір талаптар қойған мұнай сервис компанияларының жетекшілері шақырылғанын атап өтті. Бұл кәсіпорындар жұмыскерлерінің басты талабы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселе – айлық жалақы берешегі немесе жалақыны көтеруге қатысты.

Алайда еңбек заңнамасын бұзуға тікелей қатысты басқа да мәселелер бар. Айталық, Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында орналасқан «Аман» жобасындағы «ГазСтройМонтаж» ЖШС-ның  100 жұмысшысы 21 ақпанда жұмыс істеуден бас тартқан. Жұмыскерлердің басты шағымы — еңбек шартының жасалмауы, зейнетақы жарналарының тұрақты түрде аударылмауы.

Тағы бір ірі кәсіпорын Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық жабдықтарға сервис жасау және жөндеу жұмыстарын атқаратын «Сервисный центр Казтурборемонт» ЖШС-нда 279 адам жалақыны 50%-ға көтеруді және демалыс күндері жұмысқа шыққандары үшін қосымша еңбекақы төлеуді талап еткен.

«Caspian Contractors Trust» ЖШС-нда жалақыға қатысты қомақты берешек жиналып қалған. Жұмыскерлер еңбек инспекциясына былтыр қыркүйек айынан бері жалақыны төлемей келе жатқанын айтып шағымданған. Жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 2021 жылы желтоқсан айында банктен несие алып, 95 млн теңге жалақы берешегін төлей бастаған.

Жалақы бойынша берешекке келсек, бұл жұмыс беруші өз жұмыскерінің қалтасын қағып кетті деуге болады. Бұл адамның Конституциялық құқығын бұзу, — деді жұмыс берушілердің уәжін тыңдаған  КФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, 2021 жылы тіркелген еңбек дауларының басты себебі жалданған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселесі болған.

2021 жылы біз 79 еңбек дауын тіркедік, еңбеккерлер негізі шағымы жалқының төмендігіне қатысты. Кәсіподақтары бар кәсіпорындарда мәселе жедел шешілді. Еңбек дауының тағы бір себебі — жұмысберушілер еңбеккерлермен диалог құрмайды, кәсіпорындағы сол кездегі қаржылық ахуалды түсіндірмейді, — деп атап өтті КФ төрағасы.

Әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысына қатысты мәселелерді талқылау ҚР Кәсіподақтар төрағасының Атырау облысы Кәсіподақорталығы бастамасымен құрылған келіссөз жүргізуші пулымен кездесу барысында  жалғасты.

Әлеуметтік шиеленіс және ықтимал еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында азаматтық ұстанымы мен тәжірибесі жұмысберушімен және кәсіпорындардың жұмысшыларымен келіссөз жүргізуге мүмкіндік бере алатын адамдарды «Еңбек елшісі» деп атаймыз, — деді Сатыбалды Дәулеталин кездесу барысында.

Пул құрамына Атырау өңіріндегі жұмысберушілер, кәсіподақ белсенділері, қоғам қайраткерлері және журналистер бар.

«Еңбек елшісі» келіссөз жүргізушісінің басты міндетінің бірі – жұмысберушілермен еңбек консультациясын ұйымдастыру және жүргізу. Өкінішке қарай, кәсіподақтарды жауындай көретін жұмыс берушілер бар. Жекелеген жұмысберушілер жұмыскердің, еңбек ұжымының мәселесін шеше отырып, ол кәсіпорынның барлық мәселесі шешім табатынын түсінбейді. Кәсіподақ пен жұмыс беруші – қарсыластар емес, әлеуметтік серіктестер. Іс жүзінде кәсіподақ жұмыс істейтін кәсіпорындарда жұмыскер құқығы мен мүддесі сақталатынын көреміз. Еңбек даулары әлеуметтік серіктестер тараптарына залал келтірмей жылдам шешіледі, — деп атап өтті КФ төрағасы.

Кәсіподақтар төрағасы өңірге жұмыс сапарында  С. Балғымбаев кен орнына барады және «Ембімұнайгаз» АҚ еңбек ұжымы мен Атырау облысы кәсіподақ активімен кездеседі.

https://caspianlife.kz/14395/