Атырау облысына сапары барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жеті мұнай кен орнының бірі – Салтанат Балғымбаев кен орнына барды. Онда өндірістік толық цикл үдерісі, әлеуметтік әріптестіктің дамуы, ұжымдық шарттың орындалуы барысымен танысып, жұмысберуші және кәсіпорын жұмыскерілермен сөйлесті.
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрамына кіретін «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-тің С.Балғымбаев кен орнының таңдалуы кездейсоқ емес. Акционерлік қоғамда биыл жыл басында 2022-2026 жылға арналған жаңа ұжымдық шарт қабылданған еді. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-тің бастығы Амангелді Сүлейменов ұжымдық шарттың мақсаты жұмысберуші мен жұмыскерлер арасында келісілген әлеуметтік кепілдіктер арқылы әрбір жұмыскердің әлеуметтік жағдайын жақсарту екендігін атап өтті.
«Кәсіподақ мүшелерімен жаңа ұжымдық шарт жобасын талқылай отырып біз әлеуметтік әріптестік аясында тараптардың мүдделерінің өзара теңдігіне жету секілді тұстарына мән бердік», – деді МГӨБ-тің бастығы.
Жұмысберуші мен жұмыскерлердің мүдделерінің теңдігі қалай сақталып жатқаны туралы акционерлік қоғамның кәсіподақ комитеті төрағасы Болат Нысанбаев толығырақ айтып берді.
«Ұжымдық шарт жасау жөнінде айтылғанда монетизация секілід түсінікті ұмытпау керек. Яғни, бұл бір пайыз мөлшерінде ай сайын кәсіподақ жарнасын төлейтін жұмыскерге берілетін ұжымдық шартта белгіленген кепілдіктердің жиынтық сомасы. Біз есептеп шығып нақты соманы анықтадық. Жыл сайынғы монетизация сомасы біздің бір жұмыскерге 1,6 млн теңгеден келеді», – деді кәсіподақ комиитетінің жетекшісі.
Орташа айлық жалақы 400 мың теңге болғанда кәсіподақ мүшелері – кен орнындағы жұмыскерлер кәсіподақ қорына жыл сайын 48 мың теңге аударады, ал сомадан 33 есе көп әлеуметтік кепілдіктерді алады.
Осыған көз жеткізу үшін ҚР КФ төрағасы С.Балғымбаев кен орнындағы барлық өндірістік цикл цехтарын аралап, мұнайшылармен сөйлесті.
Сатыбалды Дәулеталин өндірістік үдерістің барлық учаскелеріндегі жұмыскерлердің еңбек жағдайымен танысты. Бұрғы ұңғымасынан бастап, газды әзірлеу пунктінің бағдарлық басқармасы, мұнайды әзірлеу және айдау орталық цехының жолдық басқармасы және өндірілген мұнайдың сапасын тексеру зертханасына барды. Кен орнындағы жұмысшылар жатақханасы, демалыс орталығы, асхана секілді әлеуметтік нысандар ҚР КФ төрағасының назарынан тыс қалмады.
«Күн сайын кен орнындағы барлық учаскелерде күндізгі кезекте және вахтада шамамен екі жүзге жуық адам істейді. Вахталық әдіспен істейтін жұмыскерлерге барлық жағдай жасалған. Жайлы жатахқана, демалыс орталығы, бес уақыт тамақтандыратын тегін асхана бар», – деді өндіріс-техника бөлімі бастығының орынбасары, цех бойынша кәсіподақ комитетінің төрағалығын қатар алып жүретін Сәкен Шарапиден. Сонымен қатар, ол «Еңбек елшісі» ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық жастар жобасының жеңімпазы.
Жас кәсіподақ жетекшісінің айтқанын түскі асқа келген бұрғылау қондырғысының операторлары растады. Олар күнделікті жұмыстары туралы айтып беріп, жолдаманы тегін негізде алып Қазақстанның сауықтыру орындарында денсаулығын қалпына келтіріп, шипажай-курорттық ем-домын алуға болатынын атап өтті. Ал баланы мектепке дайындауға берілетін материалдық көмек, демалыс ақысының екі есе төленуі және өте қажет жағдайда материалдық көмек көрсетілу секілді әлеуметтік топтамаға мұндағылар бұрыннан бері үйреніп кеткен.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасына ілесіп жүрген кәсіподақ белсенділері кәсіпорындағы әлеуметтік-еңбек саясаты тиісмділігін арттыру үшін жұмысберушімен бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін айтты.
«Жұмысберушімен нақты, сындарлы диалог өндірістік-шаруашылық қызметтің бірлескен жемісі үшін екі тараптың жауапкершілігін күшейтеді. Егер жұмысберуші әлеуметтік бағытқа мән берсе ұжым оған ұдайы қолдау көрсетіп, жұмыста жақсы нәтиже қол жеткізуге тырысады», – деді «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитетінің жетекшісі Болат Нысанбаев.
«Біз кәсіпорын қызметінің көрсеткіші жұмыскерлердің көңіл-күйіне байланысты екенін түсінеміз, сондықтан кәсіподақ – біздің басты серіктесіміз», – деді кәсіподақ жетекшісінің пікірін қолдаған жұмысберуші Амангелді Сүлейменов.
«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының әлеуметтік-еңбек қатынастарына жоғары баға бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын кезде қатардағы жұмыскерлерді қолдағаны үшін әлеуметтік әріптестерге алғыс айтты.
ҚР КФ мәліметінше, Қазақстанда жасалған 145 мың ұжымдық шарттың тек 30 мыңы ғана кәсіподақтар қатысуымен әзірленген. Ұжымдық шарттардың көп бөлігінде ресми сипаттама басым.
«Ембімұнайгаз» секілді әлеуметтік әріптестердің жүйелі өзара қарым-қатынасының құндылығы Еңбек адамына лайықты қарым-қатынасында. Қазіргі кезде ең оңтайлысы осындай әлеуметтік әріптестік моделін құру, ол мұнай-газ саласындағы барлық кәсіпорындарға үлгі болуы тиіс. Кәсіподақтар федерациясы қолға алған Әлеуметтік әріптестік жылында бұл айрықша маңызды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Еске сала кетсек, 9-11 наурызда ҚР КФ төрағасы Атырау облысында жұмыс сапарымен болды. Сапардың басты тақырыбы – еңбекке ақы төлеуді арттыру, еңбек жанжалдарының алдын алу және өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін ары қарай дамыту.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы