Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жасаған Жолдауын «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұжымы тікелей эфирде тыңдады.


Президенттің бұл Жолдауында таяуда жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар жайы айтылды. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев мемлекетті нығайту, экономиканы дамыту жайына кеңінен тоқтала келіп, нарықтағы баға тұрақсыздығына сын айтты.

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді Президент.

Жолдау ел болашағының іргесін нықтауға міндеттейді. Ендеше қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жұмылған жұдырықтай жұмыс істеп, сенімді әрекет еткеніміз абзал.