Қалың қалай бастауыш ұйым: Басым бағыт – жұмыскер мүддесін қорғау

«Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акция асында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Ақмола облысының  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Көкшетау қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымымен онлайн кездесу өткізді.

Жиында ашқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов  республикалық акцияның еңбек ұжымдарында өзекті мәселерді анықтау және шешуде тиімді екенін атап өтті.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәния Тазабаева жұмыстары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, орталық 1995 жылы құрылған. Мекемеде штат бірлігі  – 136 адам, олардың 136-сы яғни 83 пайызы кәсіподақ мүшесі.

Орталық Ақмола облысындағы ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және әлеуметтендіру бойынша бірден бір балалар мекемесі. Орталық қызмет алушылардың жеке сұранысын ескере отырып арнаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Көмек олардың жеке даму деңгейін көтеруге бағытталған.

Бүгінгі таңда орталықта 52 бала тұрып жатыр.

Кәсіподақ комитеті жетекшісінің айтуынша, орталықтағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы жұмысберуші – мекеме директоры Қуандық Сандыбаевпен әлеуметтік әріптестікте және өзара ынтымақтастықта жүргізілуде.

Мекемеде 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі ұжымдық шарт жасалған. Онда қосымша жұмыскерлерге арналған жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау тізбесі белгіленген. Жұмыскерлерге ұдайы материалдық көмек көрсетіліп, жұмыскерді сауықтыру шараларына қаржы бөлініп тұрады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжымға арнап тұрақты түрде спорт және мәдени бұқаралық іс-шараларды өткізіп тұрады, оған ұжымның барлығы атсалысады.

Сәния Тазабаеваның айтуынша, мекеме қызметкерлерінің  жыл сайынғы демалыстарында сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.

«Алайда, бұл төлем санитарларға, жүргізушілерге және техникалық персоналға қарастырылмаған. Қандай жандармен жұмыс істейтінімізді және ауыр психоэмоциялық салмақты көтеріп жүргенімізді ескере отырып осы мәселені шешуге және жоғарыда айтылған қызметкерлерге сауықтыру төлемін беруді заңнамада бекітілуіне көмек көрсетуді сұраймыз», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Жиында сөз алған Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов жауапты әрі ауыр жұмысты атқарып жүрген орталық қызметкерлеріне алғыс айтты.

Ол кәсіподақ комитеті көтерген орталықтың жекелеген қызметкерлер санатына сауықтыру төлемін беру туралы мәселенің өзекті екенін жеткізді.

«Бұл мәселе жылдар бойы қордаланып қалды. Оларды бір күнде шешу оңай емес. Алайда біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Негізгі және көмекші персонал деп бөліп-жармастан қызметкерлер санатының барлығын лайықты еңбек ақымен қамтамасыз ету үшін, біз осы мәселені түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан осы мәселені орталық деңгейіне дейін көтеріп әлеуметтік әріптестермен бірге талқылаймыз», – деді Салалық кәсіподақтың төрағасы.

 

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақмола облысындағы филиалы төрағасы Боранбай Бегалин  коронавирус індеті кезіндегі кәсіподақ мүшелерін қолдау шаралы туралы айтып берді.

 

«Қаржы жағынан қиыншылықтарға қарамастан біздер індетке қарсы күресте белгілі бір жұмыстарды істедік. Біздің өтінішіміз бойынша Салалық кәсіподақтың Орталық кеңесі қаржы бөліп, қорғаныш костюмі, бетперде, резина қолғаптар сатып алды. Облыстық  филиал жол бекеттеріндегі қызметшілерге қысқа толқынды пеш, алғашқы қажеттілік тауарларын сатып алды. Аудандық кәсіподақ ұйымдары, бастауыш кәсіподақ ұйымдары коронавируспен ауырған кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмек көрсетті», – деді Боранбай Бегалин.

Жиынды қортындылаған ҚР КФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева көтерілген мәселелердің өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе Кәсіподақтар федерациясының айрықша назарына алынған. Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан мәселені ілгерлетуге көмектеседі.

Гүлнар Жұмагелдиева жиынға қатысушыларға 2020-2023 жылдарға арналған ҚР КФ қызметі стратегиясындағы басты міндеттерді жүзеге асыру туралы айтып өтті.

«Бұл мәселелерді біз әлеуметтік әріптестіктің барлық алаңдарында көтеріп келеміз. Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып біз Кәсіподақ туралы заңға және Еңбек кодексіне өзгертулер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Парламенттегі депутаттар тобы бастамасымен заң жобасы әзірленді, онда еңбек заңнамасындағы еңбекті қорғау тұсын жетілдіру және еңбекке ақы төлеу деңгейін арттыру қарастырылған. Біз сондай-ақ осы заң жобасында қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерінің қоса реттелуін қарастырыпжатырмыз», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Сонымен қатар, ҚР КФ төрағасының орынбасары тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған Кәсіподақтар федерациясының бастамаларымен таныстырып, өңірдегі кәсіподақ активіне кәсіподақ күнтәртібіндегі барынша маңызды мәселелерді белсенді ілгерлетуге шақырды.