“Қызмет” салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мерекелік іс-шарасына қатысты.
Іс-шара Наурыз мейрамына орайластырылып, конкурс форматында өткізілді. Оған басқарманың барлық бөлімшелерінің қызметкерлерінен құралған 6 команда өз нөмірлерін ұсынды.
Байқау бағдарламасына бірнеше кезеңдер енгізілді. Осылайша қатысушылар қазылар алқасының мүшелеріне үй тапсырмасын ұсынды. Алдын ала әрбір топқа қазақ салт-дәстүріне байланысты қойылымдарды дайындау тапсырмасы берілді. Командалар “Сырға салу”, “Баланы қырқынан шығару” және т.б. салт-жораларды дайындап, Айтыс өнерін көрсетті.
Екінші кезеңде командалар “Салт-дәстүрлер” викторинасының сұрақтарына жауап берді.
Айта кетерлігі, қатысушылар байқауға тыңғылықты дайындалып, шығармашылық және музыкалық қабілеттерін көрсетті. Әлеуметтік қызметкерлер өте шығармашыл, дарынды болып шықты. Мерекелік іс-шара қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына тағзым ете отырып, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.
Шара соңында қазылар алқасының мүшелері барлық командаларға мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етті.
Атақозы Нұрланов жеңімпаздарға «Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы атынан ақшалай сертификаттар табыс етіп, Наурыз мерекесімен құттықтады.