«Қызмет» Жолдауға қолдау білдірді

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің Түркістан облыстық филиалының Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Облыстық филиалдың төрайымы Күлдар Есебаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы туралы баяндады.

“Халық үмітпен асыға күткен Жолдау үлкен өзгерістерге толы. Қамтылмаған тұстар аз. Президент «Қаңтар оқиғасы» себептеріне тоқтала келіп, елдің тыныштығын бұзып, қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қайшы әрекетке енді ешқашанда мемлекет жол бермейтінін атап өтті. Жалған қауесетке бой ұрмас үшін, нақты ақиқат, шындық халыққа ұдайы түрде жеткізілетін айтты.

Мемлекеттің алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғырту аса маңызды екені айтылды. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Барлық ұлттық жобалар ашық талқыланатын болды.

Президент өз өкілеттігін айтарлықтай қысқарта отырып, “Парламенттің рөлін арттыруымыз қажет” дейді. Енді Мемлекет басшысының жақын туыстары мемлекеттік билік пен квази-секторларда басшы қызметте бола алмайды. Халықтың сеніміне ие болған депутаттарға да жоғары жауапкершілік жүктелетін болды. Халық сенімін ақтамаған депутаттар кері қайтарылады.

Парламенттегі есеп комитетінің орнына Жоғары Аудиторлық Палата құруды ұсынды. Палата төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түсетіні айтылды.

Сонымен бірге, мәслихат төрағасы лауазымын енгізу керектігі айтылды. Партияда жоқ азаматтар мәжіліс қана емес, жергілікті мәслихаттарға да сайлана алмай, халықтың сайлауға қызығушылығы төмендегені белгілі. Жұрт та депутаттарды аса тани бермейді. Енді сайлау заңына да өзгерістер енгізіліп, можаритарлық және пропорционалдық сайлау түрі болады. Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа алынатын болды.

Конституциялық сот қайтадан құрылатын болды. Бұл органга халық енді тікелей жүгіне алатын болады.

Президент өкілдігі кезінде Мемлекет басшысы партия басшылығында болмайды, сол сияқты, облыс пен аудан билігіндегілер партияға жетекшілік жасамайды.

Отанымыздың ақпараттық және идеологиялық саласы ақпаратқа тікелей байланысты болғандықтан ақпарат құралдарының рөлі артатын болды. Және бірқатар міндеттер жүктелді.

Семей аймағында Абай облысы құрылады, орталығы Жезқазған қаласы болып Ұлытау облысы құрылады. Алматы облысы екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстары болып құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай болып, оны алдағы уақытта Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді халық ұсынса, Мемлекет басшысы өзі қарсы болмайтындығын жеткізді. Сөз соңында: “Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін”, – деді Президент”, – деді өз баяндамасында салалық кәсіподақ төрайымы.

Кәсіподақ белсенділері: “Біздің Отанымыз біреу – Тәуелсіз Қазақстан! Елімізде тыныштық болсын! Бақытты елдің бақытты халқы болу үшін, бар күш-жігерімізді еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуге шақырып, барлық бастауыш ұйымдарда насихат жұмысы жүргіземіз”,- деп сенім жүгін арқалап тарасты.