«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы жұмыскерлері жұмыс берушіден жалақыны елу пайызға көтеруді талап етуде.
Наурыз айының басында осы мәселе бойынша Қызылордада тараптар келісім үстелі басында кездескен болатын, қазірде жұмыс берушінің нақты шешім қабылдауды кешіктіруі жұмыскерлердің наразылықтарын күшейтуде.
Келесі вахталық ауысым күні наразылық акциясын жасауға бел буған жұмыскерлермен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде кездесу өтті. Кездесуге облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Т.Шалбаева қатысты.
Жұмыскерлермен кездесу барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев еңбек дауы бойынша жұмыс берушімен келіссөздерді жалғастыру қадамдары туралы ұсыныс-пікірін білдірді. Еңбек дауын қараудың заңнамалық түсіндірмелері нәтижесімен жұмыскерлер 22 наурыз күнгі вахталық ауысым бойынша жұмыстарын жалғастыруға келісті. Бүгін, 24 наурызда компанияның басшыларымен жұмыскерлердің бастамашыл тобы және компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Б.Мұқашева Алматы қаласында компанияның бас кеңсесінде келіссөздер жүргізеді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен компанияның локальдық кәсіподақ ұйымына осы келіссөздерге “Мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы” төрағасы Сұлтан Қалиевтың қатысуы туралы ұсыныс жасалды.