Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында халық денсаулығын оңалту жолында сүбелі үлес қосып келе жатқан «Манкент Шипажайы» акционерлік қоғамы кәсіподақ ұйымының мүшелері ерекше құрметке бөленді.
Мерекелік шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Манкент Шипажайы» АҚ мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бегзад Азизов қатысып, қызметкерлерді Әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен үздік еңбек адамдарын марапаттады.
Жиында Бауыржан Әлтеев, Айдар Бахтыбаев, Бегзад Азизов құттықтау сөз сөйлеп, шипажайда жылдар бойы қызмет етіп, еңбек жолында өз белсенділігімен көзге түскен қызметкерлерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай салалық кәсіптік одақтың атынан Алғыс хаттармен марапаттап, «Еңбек озаты» медалін табыс етті.
Осы салтанатты жиында барлығы 6 кәсіподақ мүшесі марапаттарға ие болды. Марапат алғандардың ішінде 18 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, атқарған еңбегі еленіп, өзін санаторлық-курорттық жүйе саласында білікті маман ретінде көрсетіп келген “Манкент шипажайы”АҚ бас директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары – Новиков Борис Иосифовичке “Еңбек озаты” медалі бұйырды. Медальдан бөлек, ел азаматтарының денсаулығын жақсарту бағытында атқарып келе жатқан еңбектері үшін Убайдуллаева Мухаббат, Торакулова Бибисара, Тленшиева Жеңіскүл, Сапарова Табия, Рамазанова Бағдат Алғыс хатқа ие болып, мерейлері тасыды.
Осынау мереке қарсаңында өткен қызметкерлердің еңбегі еленген шара қатысушылары мерекелік-көңіл күймен тарқасты.