Түркістандық кәсіподақтар Наурыз мейрамын атап өтті

Наурыз – шығыс халықтарының ертеден келе жатқан мейрамы. Бұл күн мен түн теңелетін, қыс ызғары кетіп, көктем лебі сезілетін уақыт. Бұл кезде табиғат, жер дүние жаңарып, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атап, жаңа жылдың басы деп санаған және қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған.

Ұлыс күні – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенім, көңіл мерекесі. Қыс қылышынан аман шыққан жұрт бар реніш-өкпесін ұмытып, кінәсін кешіп, тек жақсы тілектер тілеген.

Осынау шуақты да шұғылалы күні, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтап, әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылардың жөнін тауып «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Әз-Наурызды мерекелеп, жаңа жыл басымен қауышты. Бұл күні қызметкерлер ұлттық нақышта киініп, бір-біріне ақ тілектерін білдіріп, дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алды.
Мерекелік үстелді дәстүрлі тағамдарсыз елестету тіптен қиын. Мейрамның басты маңызды асы – Наурыз көже. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар.