Әз Наурыз қарсаңында «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бір топ қарт зейнеткерлері бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өздерінің сүйікті өндіріс орындарында экскурсияда болып, өткенді еске түсіріп мәз- мейрам болды.
Қарттарын қазынасындай сыйлайтын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымы өндірісте талай жылдар еңбек етіп бүгінде көп бейнеттің зейнетін көріп отырған бір топ қарт металлургтерді шақырып өздерінің сүйікті цех ұжымдарымен қауышуға жағдай жасады. Ардақты зейнеткерлерімізді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров жылы шыраймен қарсы алды. Кәсіподақ басшысының қолдауымен қарттарымыз зауыттың оның ішінде ең маңызды нысана болып саналатын №1, №2, шикі құрам дайындау, Теміржол цехтарын сонымен қатар әлемде теңдесі жоқ №4 балқыту цехтарының бүгінгі тыныс-тіршілігі, жетістігімен танысып, өздері қызмет еткен өндіріс орындарын аралап, өткен еңбек жолдарын еске алып бір жасап қалды.
Цех басшылары Арбек Бекет, Азамат Кулдыбаев аға буын өкілдеріне цех ұжымының жеткен жетістіктерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты.
«Маған зауыттың әр бұрышы қымбат десем артық болмас. Осы өндіріс орнына жас маман болып келіп, зейнеткерлік жасқа дейін 40 жылдай аянбай еңбек еттім. Кәсіподақ ұйымының да жұмысына белсене араластым. Зейнеткерлікке шыққаныма 13 жылдың жүзі болды. Жақсы еңбек еттім, қазіргі таңда менің еңбек жолымды ұлым Сағындық жалғастырып келеді. Әр келген сайын өркендеген, заман талабына сай өзгерген зауытты, біздің еңбек жолымызды жалғастырып келе жатқан білімді, білікті мамандарды көріп мәз боламын. Менің жүрегім әрдайым зауыт деп соғады. Өйткені мен осында еңбек еттім, отбасын құрдым, зейнеткерлікке де осыннан шықтым. Өмірімдегі барлық маңызды күндерім осы зауытпен байланысты» – дейді қарт металлург Қуаныш Қалишев.
Қазақша жыл басын өздерінің жұмыс орнынан бастаған қарттарымыз жас буын өкілдерімен кездесіп, ой-пікір алмасып, зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып бір жадырап қалды. Экскурсия соңында зейнеткерлеріміз жастармен ақ дастархан басында ашық, жарқын сөйлесіп, ой бөлісті. Ұрпақтар сабақтастығы жылдағы дәстүр бойынша алдағы уақытта да өз жалғасын табады.